RU

Жүргізушілер одағының төрағасы: Қазақстандықтар балаларына туған күніне жүргізуші куәлігін сыйлық ретінде тарту етуде

Қазақстанда жүргізуші куәлігін автомектептерден сатып алуды доғаратын уақыт жетті. Бұл туралы парламент мәжілісінде өткен дөңгелек үстел барысында Қазақстан Жүргізушілер одағының төрағасы Талғат Жаңабаев айтты.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні кез келген азамат автомектептерден жүргізуші куәлігін белгілі бір мөлшердегі ақшаға емін-еркін сатып алады.

«Автомектептер іс жүзінде жүргізуші куәлігін сатумен айналысады. Оны тіпті туған күнге сыйлық ретінде тарту етуге де болады. «Ұлым 18-ге толды. Біз оған машина мен жүргізуші куәлігін сыйлағымыз келеді», - дейді. Мұндай тәжірибе бар. Неге мұндай тәжірибемен күреспеске?» - деді ол.

Оның пайымынша, дәл осы жайттың салдарынан, яғни жүргізушілердің біліксіздігінен әрі тәжірибесінің жоқтығынан жол апаты көбейіп отыр.

«Біз ерікті түрде сынақ жүргізген едік. 100 жүргізушінің тек 13-і ғана жол қозғалысы ережесінен өте алды. Бұл көлік басқарып жүрген жүргізушілер. Бұл мемлекеттік проблема», - деп атап өтті одақ басшысы.

Талғат Жаңабаевтың атап өтуінше, Кеңес одағы тұсында жүргізушінің жылына 1-2 рет сынақтан өтуі туралы талап болған. Қазіргі уақытта ол талап қолданылмайды.

«Бұған қоса, заңнама, жол қозғалысы ережесі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жүргізушілер бұл ережелерді қасақана бұзбайды. Өйткені, олар ережені білмейді», - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/947128-zhurgizushiler-odaghynynh-toraghasy-qaza.html