RU

Қарулы Күштердің әскери қызметшісі әлем чемпионатында «күміс» иеленді

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 36803 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, сержант Мадхат Олжабаев NOMAD MMA (шығыс жекпе-жегінің бір түрі) бойынша ашық әлем чемпионатында «күміс» жүлдені қанжығасына байлады, деп хабарлайды BNews.kz.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, сайыс Қарағандыда өтті. Күш сынасу мен шеберлік танытуда әскери қызметші өзге елдерден келген кәсіби қарсыластарынан оза шауып, 76 келіге дейінгі салмақта екінші орын иеленді.

«Менің спортпен шұғылданып жүргеніме 10 жылдың жүзі болды. Спорт түрлерінің ішінде жаныма жақыны – жекпе-жек. Әр жылдары армиялық қоян-қолтық ұрыс, бокс, панкратион бойынша республикалық және халықаралық турнирлерде жүлделі орындар алып жүрдім», - дейді Мадхат.

Қазіргі уақытта әскери қызметші қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері, бокстан спорт шеберіне үміткер болып табылады. Әскери спортшы жаттығуын тоқтатқан емес, қазір де жалғастыруда, келешекте әлем чемпионы атағын алып, жаңа шыңдарды бағындыру жоспарында бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/947483-qaruly-kushterdinh-askeri-qyzmetshisi.html