RU

Үлкен даумен басталған Қазақ хандығына қатысты сериал уақытында экранға шықпайтын болды

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсіріліп жатқан көпсериялы фильм Тәуелсіздік күнінде емес, келесі көктемге қарай көрсетілетін болды деп хабарлайды КТК арнасы.

Сериялар санының жиырмадан онға дейін қысқарып, сценарийдің айтарлықтай өзгеруі, сол себепті түсірілімнің кеш басталуы кинотуындының жарыққа шығу уақытын да кешіктіріп отыр. Әзірге түсіру жұмыстарының тек 40 пайызы аяқталған. Қазіргі кезде кезекті түсірілім Алматы облысының Шошанай ауылы маңында өтіп жатыр.

Екі аптадан бері жалғасып жатқан түсірілім жұмыстарының артқы көріністерінің өзіне 200-ге тарта актер қатысуда. Одан бөлек, Шошанай аулының мал-мүлкі мен Алматыдан арнайы алдырылған ат-түйелер де бар.

Фильм 4 айдан бері түсіріліп жатыр. Хандықты негізін қалаған бас кейіпкерлердің қатарында Асан Қайғы мен Қазтуған жырау да бар.

"Ішкі сарайдың интригасына бұл кісі қатысқан. Осы қазақ хандығының қалыптасуында, ноғай-қазақтың ыдырауында өзіндік бір рөлі болған, сол кездегі көшбасшы, көсемдердің бірі болған адам. Өте бір жақсы рөл деп ойлаймын. Осы рөлдің маған бұйырғанына мен өте қуаныштымын", - дейді Қазтуған жырау рөлін сомдаушы Бекболат Тілеухан.

Жалпы кинотуындыны жасаушылар мемлекет циклды фильмге тек бастама жасап беріп отыр дейді. Бұл 10 серия Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінуінен басталып, Әз Жәнібектің таққа отыруымен бітеді. Әрі қарай жалғастырам деген жеке кинокомпаниялар болса, оған қарсылық жоқ.

"Желтоқсанның орта белінде бүкіл материалды түсіріп бітеміз деген ойдамыз. Алдын ала бәрін айта алмаймын. Өте күрделі жоба.  Халықтың алдында, елдің алдында масқара болмай, кәдімгі дұрыс деңгейде, ауыз толтырып айтатындай қып жасағымыз кеп отыр", - дейді «Қазақ елі» фильмінің режиссері Рүстем Әбдірәшев.

Киногерлердің сөзінен байқағанымыз, осы жобаға бөлінген 1 миллиард теңге жетпей жатқан секілді. Сондықтан төл тарихына бей-жай қарай алмайтын ел азаматтары бар ғой деп, арнайы қор құрыпты. Жетіспей жатқан тұстарын сол қордың көмегімен жеткізбек ниетте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/947670-ulken-daumen-bastalghan-qazaq-khandyghy.html