RU

Бір жастағы британдық нәресте ақ қан ауруынан құлан-таза айығып кетті

Бір жастағы британдық сәби әлі күнге емі табылмаған ақ қан ауруынан толықтай жазылып шықты. Оны емдеу барысында дәрігерлер генотерапия тәсілін қолданған деп жазады ВВС News.

Қыздың үш айлығында асқынған аққан ауруына шалдыққаны туралы белгілі болған. Емдеудің дәстүрлі әдіс-тәсілдері көмек бермеген соң, британдық дәрігерлер тәжірибе жасау үшін генотерапия әдісін қолданған. Нәтижесінде бір жастағы қыз бала аман қалды.

Дәрігерлер гендік терапия тәсілі арқылы обыр ауруы да емделуі мүмкін екенін айтады. Алайда, бұл туралы айту әлі ерте дейді мамандар. Өйткені оны көп зерттеу қажет.

Айта кетейік, генотерапияның мәні генотипінде мутантты гені бар ауру адамның ағзасына қалыпты, сау генді енгізу. Қазіргі кезде генотерапия саласындағы зерттеулер негізінде тәжірибелік жағдайда жүргізілуде.

Генотерапияны теориялық жағынан алып қарағанда тұқым қуалайтын аурулар (гемофилия, бұлшық ет дистрофиясы, т.б.) мен қатар жүре пайда болған ауруларды (рак, ЖИТС) басқа да иммундық жетіспеушілік жағдайларды емдеуге де қолдану мүмкіндігі бар.

Генотерапияны қолдану барысында аса назар аударатын мәселе бұл әдістің тек тиімділігі емес, адам ағзасына жаңа генді енгізудің қауіпсіздігін бағалау болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/948648-bir-zhastaghy-britandyq-nareste-aq-qan.html