Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мамандар баланы әжесі бауырына басатын қазақ дәстүрін қауіпті деп атады

Опубликовано:

Баланы әжесінің немесе атасының бауырына басу - көне ұлттық дәстүрлердің бірі. Әдебиеттерге көз жүгіртсек, ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың өзі анасы мен әжесінің тәрбиесін қатар алған.

Әжесімен күндіз-түні бірге болып, одан ертегілер мен ел аузындағы аңыз-әңгімелерді тыңдап өскен Абай бойына білімге деген құштарлықты сіңіріп өседі.

Алайда баласын әжесіне табыстайтын ескі дәстүр бүгінде өз маңыздылығын жоғалтқан. Көнекөз кейуаналар тек тәрбиесіне ғана қолғабыс етіп, баланы бауырына басу құрметінен ада қалуда. Балалардың анасынан алыста болуы оған психологиялық нұқсан келтіреді деген психологтардың сөзіне ерген жас отбасылар балаларын ешкімге бергісі жоқ.

Бұған қазіргі уақытта тіршілік жағдайының өзгеруі өз әсерін тигізгенін айта кеткен жөн. Мәселен, ертеректе жас жұбайлардың ата-аналары көршілес киіз үйде, тіпті бір шаңырақтың астында тұрған. Балақай әжесіне табысталғанымен, ата-анасынан да жырақта болмайтын. Ал бүгінде қариялар көбіне балаларынан жырақта, бөлек тұрады.

Сәуле есімді тұрғын тұңғышын ата-әжесінің бауырына басуды өзі қалаған. Үй-іші баласын беруді талап етіп, қыстамаса да, балақай үшін әжесінің қолында өскен дұрыс болады деп шешкен.

«Ата-анам ажырасқанда мен бірге толмаған да едім. Анам менің толық емес жанұяда өскенімді қаламай, ата-әжемнің қолына өткізді. Менің алғашқы сөзім "апа" болды. Ал нағыз анамды мен тәте деп атаймын. 5 жасқа толғанға дейін анам қасымызда болды. Кейін тұрмысқа шығып, кетіп қалды. Мен әжем мен атамның қасында қалдым. Әжем анам емес екенін мен он жасымда бір-ақ білдім. Алайда әлі күнге дейін шындықты білетінімді оларға айтқан емеспін. Анамды үлкен әпкелерімнің бірі санап келдім. Менің бес әпкем бар. Алайда солардың ішінде көбіне анамды аңсап, сағынатынмын. Ол да маған ерекше көңіл бөлетін. Жүректі алдау мүмкін емес. Шындықты білгенде не себепті оны ерекше жақсы көретінімді түсіндім. Басында әкем де, анам да мені тастап кеткенін түсіну ауыр болды. Әсіресе әкеме өкпен қара қазандай еді. Менің жағдайымды білу үшін бір рет те келмегені қынжылтатын. Алайда сол кезде ата-әжемнің қадірін түсіндім. Олар қашан да қасымнан табылып, маған қамқор болды. Мен оларды қатты сыйлаймын. Дегенмен әр бала өз ата-анасының қасында өсуі тиіс деп санаймын. Бәрі бірдей мұндай шындықты дұрыс қабылдай бермейді. Мен көндігіп, өз тағдырым ретінде қабылдадым. Бірақ өзгелердің дені мұны ауыр қабылдап, күллі әлемге ренжулі жүргенін жақсы білемін», - дейді ол.

Әлима есімді қыз баланы нағашы әжесі екі жасында алып кеткен. Ол отбасындағы үшінші бала еді. Анасы күн ұзаққа жұмыста болғасын, әжесі немересі қараусыз қалды деген пікірде болған. Немересін бауырына басуға ниет білдіргенде, ерлі-зайыптылар қарсылық танытпаған.

«Мен өскенде бәріне әжемнің баласы екенімді айтатынмын. Ал әжемнің үлкен ұлын әкем деп санайтынмын. Бәрі қалайша әжең анаң ал, ағаң әкең болады деп сұрайтын еді. Көрші ауылда нағыз ата-анам тұратынын білсем де, оны мойындамайтынмын. Әжем өзінің жеті баласы болса да, мені ерекше еркелететін. Әжем екеуіміз бәрінен бөлек тұратынбыз. Ет пен вермишельден өзге түк жемейтінбіз. Себебі әжем қартайған. Басқаға әлі келмейтін. Әрине, мен шамам келгенше оған көмектесетінмін», - дейді Әлима.

Әлима мектеп бітіргенде,  Алматыға оқу үшін әжесімен бірге көшіп келеді. Олар әжесінің кіші ұлының үйінде тұрады.

«Бірінші курста үйге келген сайын әжем қандай баға алдың деп сұрап отыратын. Мен оған бұл бес алатын мектеп емес, баға тек сессия кезінде қойылады деп түсіндіретінмін. Мектеп кезінде де ол менен неше бес алғанымды сұрап отыратын. Сосын университетте неге бәрі өзгеше екенін түсіне алмайтын», - деп қосып өтті ол.

Бірінші курстан кейін Әлиманың әжесі қайтыс болады… 88 жасында сырқаттанған кейуана бір күн ішінде көз жұмды.

«Мен әжемді қатты жақсы көретінмін. Ол қайтыс болғанда өзімді жетімдердей сезіндім. Ата-анасыз қалғандай. Ата-анаммен жақын туыстарша араласамын. Алайда оларды ешқашан, әке, ана атаған емеспін. Тек тәте, аға деймін. Оларда ешқашан сағынған емеспін. Бала кезімде ғана болмаса, қазірде оларға өкпем жоқ… Ата-аналар жиналысында өзгелер анасымен келгенде ғана өз анамның жоқтығын сезінетінмін. Өзге балалар заманауи киінсе, әжем мені өз заманына сай киіндіретіні де сезілетін. Ол маған өсіп кетеді деп қашан да үлкен киімдер сатып алатын», - деген Әлима әжесінен тек жақсы естеліктер қалғанын айтады.

«Ол қашан да киім тігіп, тоқып отыратын. Маған да үйрететін. Ол бәрін көрді. Соғысты да, сталиндік қудалауды да. Соғыста күйеуі қайтыс болғандықтан ақшаны табудың оңай еместігін жиі айтатын. Ал мен тек бестікке оқып, көп ақша табатынымды, оған көп зат әперетінімді айтып отыратынмын", - деп еске алады ол.

Әжесінің қазасынан кейін Әлима қиын жағдайда болды. Жұмысты оқумен қатар алып жүруіне тура келген. Ата-анасы 90-жылдар болғасын көп қаржылай көмек көрсете алмаған. Барахолкада балмұздақ сатып, нәпақасын тапқан бойжеткен бүгінде жақсы қызметке тұрған.

«Тарихи тұрғыда бұл өте маңызды дәстүр екенін мойындаған жөн. Адам баласы отбасына емес, шыққан тегіне тиесілі деп саналатын. Алайда қоғам өзгерді. Тегін осылайша сақтаудың қажеттілігі азайды. Баланы өзге отбасына өткізу оның психикасына нұқсан келтіретіні анық. Бұл ғылыммен дәлелденген», - дейді психолог Татьяна Сунцова.

Маманның пікірінше, ата-анасынан жырақта өскен бала әлеуметтік тұрғыдан жетістіктерге жете алмайды. Өзін ешкімге қажетсіз санап, жалғызсырап қалады дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/949856-balany-azhesininh-bauyryna-basatyn-qaz/

pixel