RU

Қазақстандық жұлдыздардың арасында шаш үлгісін өзгерткен жігіттер (фото)

Кейбір отандық әртістер түр келбетін өзгертуден еш бас тартпайды және оларға кез келген шаш үлгісі жараса кетеді. Біреулері кейіпкер образы үшін шашын өсірсе, біреулері сән қуады. NUR.KZ Comode.kz-ке сілтеме жасап қазақстандық жұлдыздардың ішінде шашын өсірген жігіттерді назарға ұсынады.

Әлішер Кәрімов

Көрермендер Әлішерді алғаш рет Superstar.kz жобасында көрген болатын, сол кездері шашын өсіріп жүрген әртіс кейіннен шашын қысқартып, кейде сақал қойып, кейде шашын түзулеп те жүрді. Әлішердің сұңғақ бойы, шығыстық келбеті оған кез келген шаш үлгісінің жарасатынын айғақтайды.

Дәстен Шәкіров

Дәстен Шәкіров 2012 жылы «Оазис любви» киносында бұйра шашын өсіріп, романтикалық кейіпкерге айналды. Бірақ шынайы өмірде актер қысқа шаш үлгісін қалайды.

Бүркіт

Бүркіт тұңғыш рет сахнаға 2002 жылы шықты. Сол сәттен бастап бойжеткендер сұлу жігіттің қолаң шашы мен томпақ ерніне ғашық болып қалған. Қазір Бүркіттің шашы айтарлықтай қысқа.

Ерлан Көкеев

Ерлан Көкеев 2000 жылы "К-7" тобын құрып, регги стилінде ән айтты. Біраз уақыт шашын өсірген Көкеев 7 жылдай йогамен айналысып, вегетерианшыл да болған. Кейіннен қайта ет жеуге көшкен әртіс шашын қысқартып, түнгі клуб та ашты.

Данияр Өтеген

«Ринго» тобының әншісі Данияр Өтеген алғашқыда сахнаға ұлттық нақыштағы костюм киіп, ұзын шашын артына буып шыққан болатын. Қазір Данияр шашын қиып, сақалын өсіруде.

Санжар Мәдиев

Санжар Мәдиев секілді актерге кез келген ұзындықтағы шаш үлгісі жарасады. Санжар шашын түгел қырып тастаса да, әртістің тартымдылығы арта түспесе, кемімейтін секілді.

Ерболат Құдайберген

«Мен қазақпын» әнін орындаушы Ерболат Құдайберген халық алдына алғаш рет ұзын шашымен шықты. Бүгінде Ерболат қысқа шаш үлгісіне көшіп, жаңа әрі жарасымды имидж қалыптастырды.

Берік Айтжанов

Берік Айтжанов «Адель» фильмінде шашын өсіріп, композитор кейпінде өнер көрсетті. Арнайы осы фильм үшін шашын ұзартқан актердің образы көрермендердің көңілінен шықпады. Жанкүйерлердің пікірінше, Берік Айтжанов бірнеше жылға қартайып кеткен секілді.

Ұлықпан Жолдасов

Ән әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар әнші әрі сазгер Ұлықпан Жолдасов тыңдармандарға ұзын шашымен жақсы таныс. Бір рет шашын қысқартып тастаған өнерпазға әріптестері ұзын шашқа үйреніп қалғандарын айтып, әртістің әйелі де Ұлықпаннан шашының ұзын күйде қала беруін өтінген екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/950094-qazaqstandyq-zhuldyzdardynh-arasyndagh.html