RU

Алматыда бүлдіршіндер балабақшадағы тамақтан қағылатыны туралы ақпарат жұртты дүрліктірді

Алматы қаласының әкімдігі «мемлекеттік балабақшаларда бесін асы тоқтатылады» деген сыбысқа қатысты түсініктеме берді.

Естеріңізге сала кетсек, тұрғындар арасында Алматы балабақшаларында бесін ас қала бюджетін үнемдеу мақсатында тоқтатылады деген сыбыс желдей ескен еді.

«Балабақшадағы бүлдіршіндердің бесін асы тоқталады деген - қауесет. Себебі, әрбір баланың тамағының ақысын ата-ана төлейді.  Сондықтан оған қол сұғуға ешкімнің қақысы жоқ. Бұл іске тіпті әкімдік араласпайды да», - дейді Алматы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жазира Сейдахмет.

Ал Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Айғайша Сапарова бесін ас тоқтатылмайтынын мәлімдеді.

«Бесін ас тоқтатылмайды. Керісінше кешкі тамақпен бірге уақытысынан ерте беріледі. Неге десеңіз, ата-аналар балаларын сағат 16:00-ден бастап үйлеріне әкете бастайды. Сондықтан да кешкі астың көбісі ішілмей қалып жатыр. Осыған орай екі тамақты бірге беруді жөн санадық. Бұл режимге барлық бөбекжайлар көшіп жатыр. Нәтиже жаман емес. Балалар бесінге берілетін сүт тағамын да, кешкі ыстық асын да тауысып, үйлеріне тоқ қайтуда», - деп түсіндірді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/950290-almatyda-buldirshinder-balabaqshadaghy.html