RU

Маңғыстауда "супер" келін анықталды

Маңғыстау облысы Шетпе ауылында облыстың ең үздік келіні атағына байқау өткізілді. Байқауға тек ауылдық аймақтардың келіншектері қатысқан.

Бұл туралы "Ладаға" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Келін мен ене мәселесі бүгінгі таңда ең талқыға алынатын мәселелердің бірі. Осыған орай «Не Хабар» газетінің тілшілері келін мен ене тату-тәтті тұратын отбасыларды іздеуге кіріскен. Оларға арнайы үздік келін байқауы ұйымдастырылды.

Үміткерлерді ауыл тұрғындары таңдауы тиіс болған. Олар не себепті дәл осы келіншек үздік атануы керек екенін түсіндіріп бақты.

Жеңімпаз атанған үш келіншек те - өз ауылдастары арасында құрметке ие көпбалалы аналар. Әрқайсысының 7 баласы бар.

"Ақшүкір ауылында үздік келінді іздеудің де қажеті болмады. Біз көшеде жүргендерден ауылда үлгілі келіннің бар-жоғын сұрадық. Бәрі бірауыздан Райхан Қибасованы атады. Ақырында сол келіншек байқау жеңімпазы атанды", - дейді «Не Хабар» газетінің шеф-редакторы Сандуғаш Шортанова.

Райхан өзінің жеңгеніне таң қалуда.

"Мен өз ауылдастарым арасында өзге келіндерден ерекше жаратылған емеспін. Жай ғана менің енем өте мейірімді жан. Мен оны туған анамдай жақсы көремін. Сол себепті бізде бәрі жақсы", - дейді Райхан.

Ал Сандуғаш Шортанованың айтуынша, Райханның үздік келін атануына зор үлес қосқан бірден бір жан - оның енесі. Ол редакцияға хат жазып, өзінің келіні алтын екенін баяндаған. Райхан үй шаруасын толықтай өз мойнына алып, малдарға да, балаларға да қарап үлгереді.

Кіші келіндерге отбасында біраз салмақ түседі деп санайтын Сандуғаш Шортанова үлкен келіндер енесінен сөз естіген сайын, кішісінен бар ызасын алатынын алға тартты. Алайда Райхан енесінің сүйікті келіні атанып, жолы болған.

Енді байқау жеңімпазына демалу мүмкіндігі берілуде. Оған сыйлық ретінде "Сарыағаш" шипажайында демалу жолдамасы берілді. Енесі бұған разы болуы керек. Себебі Райханмен бірге жолдасы да демала алады. Жолдама бірден екі адамға арналған.

Екінші орынды Ботагөз Мәулетдинова алған. Ал үшінші орын Оразхан Бекжановаға бұйырды. Олар ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/950568-manhghystauda-enh-uzdik-kelin-anyqtaldy.html