RU

Әлия Назарбаева «Қазақ Елі» фильмінде басты рөлді сомдайды

 Әлия Назарбаева Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қолға алынған «Қазақ елі» тарихи көпсериялы фильмінде басты рөлді сомдауы мүмкін.

Картинаның продюсері Арман Әсеновтің мәлімдеуінше, Әлия Назарбаевамен бүгінде Әмір Темірдің немересі Рәбия сұлтан бегімнің рөлін сомдау туралы келіссөздер жүрзілуде.

Тамыз айында басталған түсірілім жұмыстары бүгінде Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Шошанай ауылында жүріп жатыр. Ал, қыс мезгілінде түсірілім тобы «Қазақфильм» киностудиясының жабық павильондарында сарайдың ішкі көріністерін түсіруге көшеді.

XV ғасырдың орта тұсынан бастау алатын көркем фильм тек қазақ тілінде көрсетіледі және басты рөлдерге шетелден актерлер шақырылмаған. Онда Қазақ хандығының қазығын қаққан Керей мен Жәнібектің және олардан кейін хандықты басқарып, бекуіне ықпал еткен Бұрындық, Қасым хандардың қилы тағдыры толықтай баяндалмақ.

Телехикаяның басты кейіпкерлерін қазақстандық танымал актерлар Еркебұлан Дайыров (Жәнібек), Қайрат Кемалов (Керей), Аян Өтепбергенов (Бұрындық), Досхан Жолжақсынов, Димаш Ахимов, Жанар Сахат (Әбілқайырдың әйелі), Шұғыла Сапарғалиқызы (Керейдің әйелі), Мадина Исманова (Жәнібектің әйелі) сомдайды. Сонымен қатар, осынау туындыға қазақстандық әртістермен қатар Хакасия, Тува, Өзбекстан елінің актерлері де атсалысады. Ал трюктерге белгілі каскадер Жайдарбек Күнғожиновтің командасы жауап береді.

Танымал режиссер Рүстем Әбдірашевтің жетекшілігімен жүзеге асатын жобаның сценариін Смағұл Елубай мен Тимур Жақсылықов жазған. Ал, фильмнің продюссері - Арман Әсенов.

Айта кетейік, 10 сериялы «Қазақ елі» тарихи фильмі 2016 жылдың наурыз айында көрермен назарына ұсынылмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/950876-aliya-nazarbaeva-qazaq-eli-filmind.html