RU

Қазақстанда мемлекеттік жер телімдері аукционға шығарылады

Жаңадан қабылданған Жер кодексі бойынша енді Қазақстанда мемлекеттің қарамағындағы ауыл шаруашылық жерлері аукционға шығару арқылы сатылатын болады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, жер телімдерінің кадастрлық құны өзгермейді.

"Барлық жер пайдаланушыларға айтарым, жерлердің кадастрлық құнын ұкімет бекітті. Қазақстанның қарамағындағы барлық жер телімдерінің кадастрлық құны өзгермейді", - деп атап өтті ол.

Егер жер телімі аукцион барысында сатылмаса, кадастрлық құны 50 пайызға дейін төмендетіледі. Жаңа заң бойынша жалға берілген жерлерді сатып алу үшін жеңілдіктер қарастырған. Бұның алдында ауыл шаруашылық жерлерін жалға алып келген кәсіпкерлер енді оны 10 жылдық мерзім ішінде кадастрлық құнынан 50 пайызға аз бағамен бөліп төлеу арқылы сатып ала алады.

Оның айтуына қарағанда, қазіргі уақытта жеке меншіктің пайдалануында жатқан 98,6 млн га жер бар.

"Олардың жалпы кадастрлық құны 1 трлн 200 млрд теңге. Демек, кәсіпкерлерге 50 пайыздық жеңілдікпен 10 жылға берілсе, олардың құны 500-600 млрд теңге шамасында болады", - дейді вице-министр.

Еске сала кетейік, 97,4 миллион гектар жер немесе 98,8%-ы ұзақ мерзімді жалға берілген. Соның тек 1,2 пайызы жеке меншікте. Соның кесірінен ауылшаруашылық жерлері нарықтық айналымға түсе алмай отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/950888-qazaqstanda-memlekettik-zher-telimde.html