RU

Түскі ас үшін жарты патшалық: Алматының қай жерінде алтын араласқан кофе ішіп, қызанақ үшін 17 000 теңге төлеп жатады?

Теңге бағамы құбылып, доллар 400 теңгеге жетеді деген ақпарат кей Алматы тұрғындарына айтарлықтай әсер ете қоймайды. Олар өмірін әдеттегідей тоқшылықта өткізіп жатыр.

Бұл тоқтамға Алматының кей қымбат мейрамханалары әлі күнге дейін өз сатып алушыларын тауып жатқаны дәлел. Рестораторлар, тіпті бас аспаздарының жаңа қымбат тағамдарын ұсынып, ас мәзірін жаңартуда.

Италия елі дәмді әрі пайдалы тағамдарымен танымал. Сол себепті тізімді итальян ас мәзірін ұсынатын премиум санатындағы Parmigiano мейрамханасынан бастаймыз. Бұл мейрамхана теңіз өнімдерін жиі ұсынады.

Мәселен, нағыз камчаттық теңіз шаянының бір келісін мұнда 35 420 теңгеге сатып аласыз. Ал теңіз шаяны аяқтарының фалангалары 100 граммына 7 920 теңгеге бағаланған. Бұл сізге теңіз шаянының таяқшалары емес.

Австралиялық сияр етінен жасалған Rib eye Ranger атты стейктің бір порциясы (350 грамм) - 12 840 теңге. Ал америкалық жоғары сапалы сиыр етінен жасалған өзге стейк - Rib eye prime болса, сатып алушының қалтасынан 350 грамм үшін 16 520 теңгені қағып алады.

El Mirador мейрамханасы еуропалық және аргентиналық ас мәзірін ұсынып, Грэг Эпперсон атты бас аспаз әзірлеген балғын балық пен еттен жасалған ерекше тағамдар қояды.

Бұл аспазшының тағамдарынан дәм тату арзанға түсе қоймайды. Мәселен, алмұрт пен жидек соусы араласқан фуа-граның кішігірм порциясы - 5 400 теңге.

Америкалық Aberdeen тұқымды сиыр етінің ең дәмді тұсынан әзірленген стейк – «Рибай-стейк Прайм» мейрамхана қонағына 16 900 теңгеге түспек.  Ал «На суше и на море» атты құрамына балапан еті, сибас, стейк, ақсерке еті, жолбарыс асшаяны, қозы еті және көкөністер кіретін кішігірім қақтама тамақ құны - 23 800 теңге.

Қаланың ең қымбат мейрамханаларының тағы бірі – LT Bar and Grill. Мұнда танымал француз бас аспазы Лоран Турондель ас әзірлейді.

Устрица, асшаян және лобстерден жасалған коктейль-салат құны - 15 000 теңге.

Ал шикі балық пен күріштен әзірленген Tоno Nigiri-ді 10 100 теңгеге сатып аласыз. Сибас порциясы - 11 400 теңге.

Париждерше жасалған 350 грамм филе-миньон - 19 800 теңге. Ал New York атты стейк - 20 400 теңге. 730 грамдық Cowboy атты стейк - 33 000 теңге.

Қазақ хандығының 550-жылдығына орай мейрамхана арнайы кофе ұсынды - жапырақша алтын араластырылған «Алтын Орда» атты кофе.

Кофе ұлттық нақыштағы ыдысқа құйылып, шебердің қолынан шыққан шоколадпен қоса беріледі. Сусынның бағасын ресми түрде жарияламауға бел буған.

Тағы бір қымбат мейрамхана - Esentai Tower кешенінде орналасқан LaRoof мейрамханасы.

Онда бір порция балық ассортиі - 9 750 теңге. Ал отандық ет бұл жерде онша бағаланбайтын сияқты.

Мәселен, шетелден әкелінген еттен жасалған стейктердің құны порциясына (350-400 грамм) 11 650-ден 14 990 теңгеге дейін барады. Ал отандық сиыр етінен жасалған тағам - 3880 теңге.

LaRoof барына кірсеңіз тіптен жағаңызды ұстайсыз. Онда 0,7 литрлік Cuvee Pierre Frapin 1888 коньягының шөлмегін тура 1,5 млн теңгеге сатып аласыз. Мұндай сусынды ішіп тастаған адам өзін қалай сезінетінін елестетудің өзі қиын.

Ал Hennessy Richard-тың шөлмегі - 888 000 теңге.

Алматыда мейрамханаға бармай-ақ қыруар қаражатты жұмсауға болатын жерлер жетерлік. Мәселен, Esentai Gourmet-тегі келісі 10 000 теңге тұратын қызанақтардың фотосы желіде тарап кеткен.

Мұндай жарнама оң әсерін тигізіп, қызынақтардың құны өсе түскен. Қазір олар келісіне 17 800 теңге тұрады. Ал Боденекейзе швейцар ірімшігі - 17 000 теңге.

Нағыз испандық хамон – Sanches Romero Iberico Bellota-ның келісі - 39 000 теңге.

«Иберико Дурок» хамоны - 22 500 теңге. 18 ай бойы тұрған итальяндық Парм шошқа еті – келісіне 16 420 теңге.

Тағам бағалары ашық дереккөздерден - мейрамханалардың ресми сайтындағы ас мәзірлерінен алынды. Бұл мақала әлеуметтік араздық тудыруды емес, керісінше осындай қымбат тағамдар сатып алуға мүмкіншілігі барлардың қуанышына ортақ болуды көздеп жазылды.

Артём Миусовтың материалынан аударылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/951143-tuski-ushin-zharty-patshalyq-almatyny.html