RU

Қазақстанның кей өңірлерінде астық алқаптары орылмай, тағы да қар астында қалды

Егіннің орылмай қар астында қалу жәйттары биыл да қайталанды. «Фэйсбук» әлеуметтік желісінде Тайынша ауданында қар жамылған бидай алқаптарының бейнесі жарияланды.

Кей дерек бойынша Қостанай облысында да орылмай қалған астық бар деп хабарлайды Астана арнасы.

Айта кетейік, қазанның 15 күні Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаровтың өңірде егін ору науқаны толық аяқталды деген еді. Қостанай билігі де егінді шашау шығармай орып алдық деп есеп берген-ді. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков парламент қабырғасында бұндай фактілердің бар екенін мойындады. Бірақ министрлік ол үшін жауапты емес көрінеді.

"Мен ондай фактілердің барын жоққа шығармаймын. Министрлік жеке шаруалар үшін жауап бере алмайды. Министрлік астық оруға көмек көрсетуі керек дегенде, ол - лизингтің қол жетімді, пайыздық жарналары қалта көтеретіндей, табыс инвестициялық-субсидиялық бағдарламалар арқылы нәтижелі болуын қамтамасыз етуі. Бірақ біз бұл жұмыстарды бүгінге дейін атқарған жоқпыз", - дейді Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.

Ал министрліктің келесі жаңалығы жағымды. Қазақстан Қытай мен Біріккен Араб елдеріне ет экспорттайтын болды. Халықаралық эпизотиялық бюро елдің 9 өңірін аусыл ауруынан ада деп таныпты. Сондықтан бірқатар елдер бұған дейін болған шектеулерін алып тастады. Ауыл шаруашылығы министрі бұл жаңалық қазақстандық ет экспортына тың серпін береді дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/951477-qazaqstannynh-key-onhirlerinde-astyq.html