RU

Қазақстандық режиссердің көп балалы әйел туралы фильмі халықаралық фестивальден жүлде алды

Қазақстандық режиссер Данияр Саламаттың "Сағынтайдың бірінші әйелі" атты авторлық фильмі Германияның Коттбус қаласында өткен Шығыс Еуропа фильмдері кинофестивалінің жүлдесіне ие болды.

Данияр Саламаттың Азаттыққа айтуынша, фестиваль 3-8 қараша арасында өткен. 2015 жылы түсірілген фильм фестивальдің мәдениетаралық байланыстарға арналған "Диалог" секциясының жүлдесін иеленген.

"Фильм желісі Азаттықта жарияланған Қызылордадағы 9 балалы әйел Шолпан Сайымованың үйі жылусыз қалып, кейін әкімдік салып берген пештен балаларына ыс тиіп ауруханадан шыққаны туралы видеохабардан алынған. Онда Сайымова көп балалы ана ретінде мемлекет берген алтын алқасын мұқтаждықтан ломбардқа өткізбек болғанда жарамай шыққанын айтады. Осы жайттарды фильмде арқау еттім. Фильмде Сағынтай есімді жігіттің әйелін қыз туа берген соң тастап кетіп, содан арғы әйел мен балаларының тағдыры баяндалады" - деді Данияр Саламат.

Фестивальдің ресми сайтында хабарланғандай, жүлде иесіне 3 мың еуро көлемінде ақшалай сыйлық тағайындалған.

Фильм бұған дейін Алматыда 19-25 қыркүйек аралығында өткен 12-халықаралық "Еуразия" кинофестивалінде "ең үздік әйел рөлі" үшін сыйлық алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/951683-qazaqstandyq-rezhisserdinh-kop-balaly.html