RU

Қазақ тойындағы жаттанды дәстүрлерге өзгеріс еніп жатыр

Қазір еліміздегі тойлардың бір-бірінен айнымай, ұқсап кеткені үйреншікті көрініске айналған. Дегенмен, уақыт өте келе қазақ тойындағы үйреншікті дәстүрлерге өзгерістер еніп жатқанының куәсі болған журналист жаңа той үлгісінің қалай ұйымдастырылғанын баяндады.

"Мен өзім көріп жүрген тойлардың үшеуін суреттеп берейін. Бірінші той – өзіміз күндегі көріп жүрген, даңғаза музыка, айғайлап жүрген асаба. Сөз берген адамдарды ортаға шығарып, олардың киген киімін, бет-әлпетін, қойған шашын өлеңге қосып, тақпақтатып, келемеждеп, тойдың көп уақытын бір өзі алып алады да, елді топтап шығарып, бір-екеуін сөйлетіп, қалғандарын «билеңдер» деп асықтырады. Бұл тойда жаныңда отырған адамдармен әнгімелесе алмайсың, қатты музыка үні сөзді естіртпейді. Көпшілік біле бермейтін әншілерді «болашақтағы жұлдыз» деп ән салдырып жатады. Әндері сол баяғы – «күйдім-сүйдім, болдым-біттім». Адамға еш­қандай әсер етпейтін әуендер. Кейде таны­мал артистер келіп, фонограммамен 1-2 әнді айтып, «тағы тойым бар» деп, жұрттың қол соғып, қолпаштағанына қарамай тайып тұрады", - деп мақаласын бастады автор.

"Екінші тойдың шақыру қағазы да өз­геше жазылыпты. Шақыру қағазында мы­нандай ескертпе болды: «Тойдың ретті де, жақсы өтуі үшін мына күнге дейін, мына телефонға (нөмірі көрсетілген) келетін-келмейтіндеріңізді (қанша адам) хабар­лаңыз­дар». «Бұлай жазу да дұрыс нәрсе екен» деп ойланып қалдық. Тойға шақырып аласың да, білмей отырасың, «келе ме, кел­мей ме?» деп қайтадан сұрауға ұят. Ал мына тойға бір жеті бұрын «екі немесе бір адам келеміз, не келе алмаймыз» деп хабар­лап қой­дық. Той иелеріне де жеңіл, не адам­ды азайтады немесе бос орынға басқа қонақ шақырады", - деп автор келесі той үлгісін сөз етті.

Ол мұндай тойдың өзгеше өткеніне де назар аударған.

"Енді тойдың қалай өткенін айтайын. Тойда асаба болды, бірақ тойдың негізгі тізгінін той иесінің өзі ұстап отырды. Даң­ғара музыка болған жоқ. Той иесі сөзді өзі беріп, сөз берген адамдарын таныстырып отырды. Алғашқы сөзді ағайын туыстары­нан бастады, келесі кезекті бірінші сынып­тан бір­ге оқыған сыныптастарына, одан ин­тернатта бірге оқыған достарына, құрдас­тарына, аспирантурада бірге оқығандарға, қызметкерлеріне, ең соңында қазіргі әріп­тес­теріне берді, олар қанша дәрежелі болса да соңында сөйледі. Бәрі рет-ретімен бол­ды. Ешкім қысылып-қымтырылмай, жүрек­­жарды тілектерін айтып жатты. Бар-жоғы екі артист шақырыпты. Олар бір-екі ән айтып кетіп қалған жоқ, тойдың соңына дейін болды. Музыканттар да, артистер де жиналған қауымның жақсы көретін, солар­дың жас кезіндегі әндерді орындап, көпші­лікке де ән шырқатып жүрді. Отырыс өте көңілді болды", - дейді Тазабек.

Содан кейін автор үшінші той үлгісіне тоқталды.

"Ал мына үшінші тойдың шақыру биле­тіне былай жазылыпты: «Тойдың көңілді өтуі үшін жақсы ән, күй не тақпақ, скетч, күлдіргі әңгіме немесе бір би дайындап келуіңізді сұраймыз. Тойға бір ән дайындап бардық. Той иесі бірінші сөз алып: «Құрметті тойшыл қауым, өздеріңіз шақыру билетінен көріп, оқып, дайындалып келген шығар­сыздар, мен бүгін осы тойға бірде-бір әнші не биші шақырғаным жоқ, тек сүйемелдеу­ші ретінде мына аккордеоншы жігітті шақыр­дым. Бар ойым – сіздердің көңілді болу­ларыңыз. Әндеріңізді айтып, биле­ріңізді билеп отыру­ларыңызды сұраймын». Көп білмей жүр екенбіз, арамызда дауысы керемет әнші, домбырашы, бишілер баршылық екен ғой, тойдың сәнін келтірді. Жастары 70-80-нен асқан ақсақал атала­рымыз бен әжелеріміз Шәмшінің әндерін нақышына келтіріп орындағанда, сұрамай-ақ шапалақ­тар ұрылып жатты. Той өте жоғары деңгейде өтті. Той иесі де риза, тойшыл қауым да риза болып, тойдың қалай өтіп кеткенін байқа­май қалдық. «Ешбір «жұлдыздарсыз» да керемет той өткізуге болдады екен ғой» де­ген оймен тарастық", - дейді журналист.

"Барып жүрген той­лар­дан маған ұнағаны – соңғы екі той. Өзім де осы уақытқа дейін кішірек тойларды есеп­те­мегенде үш үйлену, үш мерейтой өткіз­дім. Солардың бірде-біреуінде сөз бергенде қызметін, лауазымын айтқыз­ға­ным жоқ, досы, жерлесі, сыныптасы, құрда­сы деп айтты. Беташарда, сәлем салған­да ақша салдырғаным жоқ, былай да сыйлығын әкеліп жатыр ғой. Той туралы айтпағым осы еді, басқа оқырмандар не дейді екен?", - деп ой тастады Тазабек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/951840-qazaq-toyyndaghy-uyrenshikti-dasturle.html