RU

Алматыда шатырдан секіріп өлген егіз әйел емделуге ақша таппай қиналған

Алматыда өз-өзіне қол салған екі әйелдің өліміне қатысты тың деректер айтылып жатыр. Ірі сауда орталығының төбесінен қол ұстасып секірген 49 жастағы Мирослава мен Галина Коваленколар егіз екен деп хабарлайды КТК арнасы.

Бірнеше жыл бұрын марқұмдардың анасы да өз үйінде асылып өліпті. Екеуі сол шешелерінен қалған бір бөлмелі үйде тұрып келген. Егіздердің мұндай қадамға баруына тұрмыс тауқыметі түрткі болуы мүмкін дейді көршілері.

Елуді алқымдап, ес тоқтатқан екеуінің мұндай қадамға не үшін барғанын түсіну қиын. Белгілісі – Мирослава мен Галина Коваленколар томаға-тұйық өмір сүрген. Бірақ ішімдікке еш әуестігі жоқ еді дейді көршілері.

"Әрқашан бірге жүретін. Екеуі де дене шынықтыру институтын бітірген. Қылыштасу спортымен шұғылданатын. Кейін жұмыстары жабылып, Көк базарда сауда жасады. Бірақ соңғы үш жылдан бері тұрақты жұмыс істеген жоқ", - дейді көршісі Людмила Гримм.

Марқұмдардың бір бөлмелі пәтері қазыр жабық тұр. Оған полиция мөр басып кеткен. Себебі егіздердің ешқандай туыстары жоқ. Ал бірнеше жыл бұрын бұл екеуінің шешелері де өздерінің пәтерлерінде өз-өзіне қол салған дейді көз көргендер.

"Көрші болғаныма отыз жылдан асты. Жиырма жылдай бұрын аналары да өз үйінде асылып өлген. Егіздердің біреуі тұрмыс құрып кейін ажырасты. Кішкентай қызын күйеуі Германияға алып кетті. Одан бөлек туыс ағалары келіп тұратын. Ол да шетелге кетіп қалды", - дейді көршісі Людмила Гузева.

Жақын туыстары жоқ болғандықтан марқұмдардың қайда жерленгені де белгісіз. Бір анығы – жақында егіздердің біріне ота жасалған екен. Бірақ әрі қарай емделуге ақша жетіспеген. Ал полиция әзірге тергеу құпиясы деп бұл оқиғаға қатысты жақ ашпай отыр.

Өмірден баз кешіп, өз-өздеріне қол салған апалы-сіңілілі қос әйелдің түнгі сағат төрттер шамасында сауда нысанының шатырына қалайша шығып бара жатқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған екен. Алайда күзетілетін нысанға марқұмдардың қалайша емін-еркін еніп кеткені белгісіз. Бірақ бұл сұрақтарға құзырлы органдар да, сауда орталығының әкімшілігі де әзірге жауап беруге асығар емес.

Еске сала кетсек, осыған дейін Алматыда “Мерей” сауда орталығының шатырынан апалы-сіңлілі әйелдер секіріп, көз жұмғанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/952307-almatyda-shatyrdan-sekirip-olgen-egiz.html