RU

Елімізде доллардан қалмай дәрі-дәрмектің бағасы да шарықтап кетті

Доллармен жарысып дәрілер де қымбаттап жатыр. Бірнеше күн бұрын көтерілген препараттардың бағасы енді одан сайын шарықтай түсті деп хабарлайды КТК арнасы.

Бұл жағдайдан кейін дертіне дауа іздегендер дәріханаға кіруден жүрексініп те қалған. Өйткені, 100 теңге тұрған тұмаудың дәрісі енді екі мың теңге, ал қарттар аяғы қақсағанда киетін құрылғы – 100 мың теңгеге бір-ақ жетіпті. «Жығылғанға жұдырық», шетелдік компаниялар да дәріні тағы қымбаттатамыз деп жергілікті дистрибьюторларды дүрліктіріп жатыр екен.

33 мың теңгеге небәрі 2 дәрі сатып алған Сәдірхан Тәжүсіпов айтарға сөз таппай тұр. Қарияның, бас ауруын қойдыратын дәріге қаржысы жетпей де қалыпты.

"Мысалы үшін кеше мен «Дюфалак» деген дәрі алдым, 800-900 тұратын еді. Қазір 2100-2200 теңге.Күнде өзгеріп жатыр. Доллар көбейеді, дәрі де көбейіп жатыр. Олай болмайды", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Сәдірхан Тәжүсіпов.

Ал аяқ қақсағанда киетін мына құрылғы доллардың дүмпуіне дейін 12 мың теңге тұрса, қазір жүз мыңнан асқан. Дәріханадан жағасын ұстап шыққан жұрт аса қат дәрілердің тағы да қымбаттағанын айтып қынжылды. Ал дәріханадағылар бұл жағдайды доллардың бағамымен байланыстырып отыр.

Дәл қазір жұрт көп қолданатын ең қат тауар - тұмауға қарсы дәрі 2400 теңгеден сатылып жатыр.  Шымкенттікі болса да, бағасы шетелдік дәрінікі сияқты.

"Бәрі импорт емес пе? Біз ештеңе  істей алмаймыз. Үкімет деңгейінде шешілуі тиіс", - дейді  дәріхана директоры Лидия Швецгебель.

Директор дәрі доллармен бірге шарықтайды деп ашығын айтты. Баға бұдан әрі де өсуі мүмкін. Өйткені шетелдік фирмалар өз өнімін тағы 25 пайызға дейін қымбаттатуға дайын отыр екен.

"Бұл қымбатшылықтың салдары дәрінің жетіспеушілігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Өйткені, күні кеше ғана Литва, Финляндия және Франциядан дәрі бағасын өсіру туралы ресми хат алдық. Оған қоса, ғимаратты жалға берушілер де құнды өсіреміз деп жағадан алып жатыр", - дейді дәріханалар желісінің құрылтайшысы Қайрат Әубәкіров.

Бұл - онсыз да жыл басынан бері 60 пайызға қымбаттап кеткен дәрі-дәрмектер тағы 50 пайызға шарықтай түседі деген сөз. Удай қымбатшылық тек дәрілер ғана емес, дертке дауа болар медициналық құрал-жабдықтарға да қатысты болып отыр. Сондықтан, дәл қазір ең арзаны – ауырмай жүру ғана болып тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/952393-elimizde-dollardan-qalmay-dari-darme.html