RU

Атышулы Ермек Тайшыбеков "Нұр Отан" арқылы депутат болуды жоспарлағанын айтты

Жамбыл облысы Қордай аудандық сотында ісі қаралып жатқан Ермек Тайшыбеков Қазақстан билігін күшпен басып алуға шақырғанын  мойындады. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.

Сот отырысында төрт куәгерден жауап алынды. Олар – Астана қаласынан келген Мейрам Қанапиянов, Алмат Шалгарин, тараздық Өмірғали Бейсенбаев және алматылық Ботагөз Исаева. Олардың барлығы Ермек Тайшыбековтің сепаратистік пиғылдағы жазбаларын көргендерін растады.

Жауап алу кезінде айыпталушы Ермек Тайшыбеков өзінің әлеуметтік желіде жариялаған сепаратистік мазмұндағы жазбаларына байланысты түсінік берді. Атап айтқанда, ол «Қазақстанда билікті барлық мүмкіндікті пайдаланып, қажет болса күшпен басып алып, Ресейге беру керек!», «Менің атам, әкемнің әкесі 1937 жылы Кремль саясатына қарсы шыққан қазақ сепаратистерін атқан болатын. Мен де 2016 жылы немесе 2019 жылы Мәскеуге қарсы қолына қару алған қазақтардың көзін жоюға қатысуым мүмкін» деген посттар жазғанын мойындады.

Ол бұл жазбаларды тұрғындардың Ресей президенті Путинге бағытталған назары мен жеккөрінішін тек өзіне аудару мақсатында жариялағанын айтты.

Сонымен қатар, сот отырысында Ермек  Тайшыбеков «Нұр Отан» партиясының мүшелігі арқылы сенатқа депутат болуды жоспарлағанын, бірақ партияластары оның бастамасын қолдамағандықтан партия қатарынан шығып кеткенін айтты.

Соттағы негізгі куәгер Ботагөз Зарқынқызы сот барысында Тайшыбековке қолдау білдіргендердің болғанын айтады. Заңгер Андрей Свиридов пен Алматы облысы Үшқоңыр ауылындағы шіркеудің попы Қайрат Байгереев сотқа келіп, айыпталушы мен оның бауыры Марлен Тайшыбековке қолдау білдіріп, құқықтық кеңестерімен бөліскен.

Тіпті, олар сот барысында Ботагөз Зарқынқызын шетелдік ұйымдардың қаржыландыруымен осындай дауға араласуда, тегіннен-тегін кез-келген адам сотқа шағымданып, мұндай бастама көтермейді деп айыптауға дейін барған.

Сондай-ақ, сот барысында куәгерлер Ермек Тайшыбековтің әлеуметтік желі арқылы өздерінің отбасы мүшелеріне қоқан-лоққы көрсеткенін айтып шағымданды. Куәгер Өмірғали Бейсенбаев Ермек Тайшыбеков ұлын өлтірем деп қорқытқанын айтып, сотқа қосымша арыз түсірді.

Ботагөз Исаева да сот отырысында өзіне қарсы Ермек Тайшыбековтің бауыры Марлен Тайшыбековтің қоқан-лоққы көрсетуіне байланысты Қордай аудандық ІІБ-ге арызданғанын, біршама уақыт өткен соң сол полицияға өткізілген арыздың фотосуреттерін Марлен Тайшыбеков өзіне жібергенін жеткізді. Судья Қайрат Белгішев осы мәселеге байланысты жеке анықтама шығарып, куәгерге прокуратураға шағымдануға кеңес берді.

Ботагөз Зарқынқызы Тайшыбековтің қолдаушылары тарапынан да өзіне қарсы ақпараттық шабуылдың күшейгенін айтып отыр.

Ермек Тайшыбековке қатысты келесі сот отырысы бүгін өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/952451-atyshuly-ermek-tayshybekov-nur-otan-arq.html