RU

Алматыда жеке емханаға қаралған әжейдің жүрегі тоқтап қала жаздады

76 жастағы кейуана жеке клиникаға қаралып, өліп кете жаздаған. Сырқат боп барып, бір дәрі қабылдаған қарияның аяқ асты құлағы естімей, жүрегі тоқтап қалған.

Жәбірленуші құзырлы орын өкілдеріне де шағымданған. Бірақ жасалған арнайы тексеріс нәтижесі әжейге барлық ем-дом толық және сапалы түрде жасалғанын айтады.

Сырқаттан толық айығамын деп, аяқ-асты ауру боп қалды. 76 жастағы Флюра әжей әу баста жүрегін емдетуге «Достар Мед А» клиникасына барған. Емхана дәрігерлері қарияға салған «изокет» деп аталатын дәріден соң қарттың құлағы естімей, жүрегі тоқтап қалыпты. Дереу қалалық аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілген әжей әрең дегенде аман қалған.

«2015 жылдың 8 маусымында менің әжем «Достар Мед А»клиникасының кардиология бөлімінен ем алуға барды. «Изокет» деп аталатын препаратты салғаннан кейін әжемде қан қысымы күрт төмендеп, жүрегі тоқтап қалған. Содан кейінгі көрсетілген шаралар атқарылғаннан кейін жүрегі қайта іске қосылды. Стационар бөлімінде әжеме дұрыс қызмет көрсетілмеген, қарамаған. Ал берген анықтамалары мүлдем басқаны айтады»,- деді немересі Рината.

Қарт ананың туыстары құзырлы орындарға арызданған. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті арнайы тексеріс нәтижесінде науқасқа жасалған емнің сапалы болғанын айтады.

«Тексеру барысында шын мәнінде Шариповада изокет дәрісінің ерітіндісін құю нәтижесінде өткір коронарлы синдром және каллапс болғаны анықталды. Медициналық қызмет шұғыл, толық түрде көрсетілу нәтижесінде аурудағы жүрек жүйесі жағынан және қан қысымының төмен түсуі жағынан барлық медициналық көрсеткіштер қалпына келтірілді»,- деді Алматы қаласы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бас маманы Айсұлу Сәңкібаева.

Бұдан бөлек, «Достар Мед А» емханасын тексеру барысында құзырлы орын өкілдері науқастың есту мүшесінің нашарлауына байланысты лор дәрігердің қателігін анықтапты. Флюра әжейдің есту қабілеті үшінші деп емес, төртінші деңгей деп көрсеткен. Енді дәрігер кәсіби тұрғыда өзін шыңдамайынша, жұмысынан аластатылуы тиіс. Ал, науқасқа ем жүргізген «Достар Мед А» клиникасы  жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/952655-almatyda-zheke-emkhanagha-qaralghan-azhey.html