RU

LiveJournal блог-платформасы Қазақстандағы жұмысын қайта жандандырды

Қазақстан сот органдарының блог-платформада орналасқан құқыққа қайшы материалдарды алып тастау туралы шешімін орындаған «Живой журнал» еліміздегі жұмысын қайта жандандырды.

«LiveJournal өкілдері терроризм мен діни экстремизмді насихаттау, лаңкестік жасау мен жарылғыш заттар дайындауға үндеу белгілері бар материалдар блог-платформадан алынып тасталғанын мәлімдеді», - деп хабарлайды ИДМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің баспасөз қызметі.

Нәтижесінде Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті Қазақстан аумағында биылғы жылдың 11 қарашасынан бастап ресурстың жұмысын қайта жандандыру туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ LiveJournal Қазақстанда өз өкілдігін ашып, блог-платформаның қазақстандық сегментін дамытуды жоспарлап отыр.

Естеріңізге салып өтсек, бұған дейін Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты 2011 жылдың 20 тамызынан құқыққа қайшы материалдар таратқаны үшін ел аумағында журналдың қызметін тоқтату туралы қаулы шығарған еді.

«Живой журнал» – онлайн-күнделік (блог) жүргізуге арналған блог-платформа.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/952712-livejournal-blog-platformasy-qazaqstandaghy-zhu.html