RU

Қайрат Нұртастың университетте сабақ орнына концерт қойып беретіні рас па?

Еуразия университетінің студенттері арасында әнші Қайрат Нұртас өзі білім алатын мәдениеттану факультетінде мұғалімдерден баға алу үшін тапсырма орнына концерт қойып береді деген сөз шықты. Бұл туралы NUR.KZ-ке сенімді дереккөз хабарлаған.

Бұл дерекке қатысты Қайрат Нұртастың арт-директоры Лаура Сейітбекова NUR.KZ тілшісіне өз пікірін білдірді.

"Қайраттың Еуразия университетінде мәдениеттану факультетінде оқитыны рас. Биыл ол магистратураның 2 курс студенті. Шығармашылығына қатысты уақыты аз болғандықтан, сабаққа күнде бармайды. Бірақ жиі барып, тапсырмаларды алады. Барлық студенттермен бірге сынақ тапсырады, ол университетте қарапайым білім алушы", - дейді әншінің арт-директоры.

Ал астаналық студент жастардың айтып жүрген әңгімесі университет қабырғасында өткен ақын Болат Әшірбаевтің  шығармашылық кеші екен. Онда Қайрат Нұртас ақынның "Әдемісің, қарындас" әнін орындаған. Бұл Қайраттың кеш қонағы ретінде Болат Әшірбаевқа көрсеткен құрметі екен.

Осы жайтқа байланысты NUR.KZ тілшісі ректорат басшылығына да хабарласып көрді.

"Бізде Қайрат Айдарбеков  деген студент магистратурада оқиды. Университеттің білім жүйесі бойынша сабаққа 30-40 рет қатыспаған студент білім ордасынан бірден шығарылады. Бірақ, Қайрат сабаққа жақсы қатысады, үлгерімі де жақсы, оны факультеттегі ұстаздары да растай алады. Белсенді студенттеріміз университетіміздің іс-шараларына үнемі атсалысып жүреді. Қайраттың да ақынның шығармашылық кешінде ән айтқаны сондықтан ", - деді ректорат қызметкері Асхат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/952839-qayrat-nurtas-universitette-sabaq.html