RU

Сапарбаев «Ақтөбе» ӘКК басқарма төрағасын жұмыс істей алмағаны үшін қызметінен босатты

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» ӘКК басқарма төрағасын жұмыс істей алмағаны үшін қызметінен босатты деп хабарлайды Bnews.kz.

«Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Әлімжан Үсенғалиев инвестиция тарту, корпорацияның ашық әрі жариялы жұмыс істеуіне бас-көз болуы керек еді. Бұл жұмыстар дұрыс атқарылмай, корпорацияның ауыл шаруашылығы өндірушілері алдындағы қарызы көбейді. «Табыс» және өзге де коммуналдық базарлардағы баға өсті. Осы кемшіліктерден соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев басқарма төрағасы Әлімжан Үсенғалиевті қызметінен босатты.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған облыс әкімі, директорлар кеңесінің төрағасы Бердібек Сапарбаев қатысып, корпорацияның жұмысын өткір сынға алды.

«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның басты міндеті – инвестициялар тартуға ұйытқы болу. Алайда бұл міндетті жұмыстан көптеген кемшілік табылды. Соңғы жылдары корпорацияға 5 млрд теңге көлемінде қаржы салынғанымен, 17 еншілес мекемесі бар кәсіпорын соңғы жылдары табыс әкелмеген. Ең басты кемшілік, корпорация жұмысында ашықтық, жариялылық жоқ. Ауыл шаруашылығы өндірушілері алдында да қарызға белшесінен батып отыр. «Табыс» коммуналдық базарында жұмыс өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Мұндағы баға өзге базарларға қарағанда 10-15 пайызға арзан болуы керек. Алайда, бұл талап орындалмай келеді. Оның есесіне, базардың таза табысы жасырылады», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Негізінен, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Индустриалдық аймақтың негізгі операторы болуы тиіс екен. Бөлінген 200 гектар жерге өндіріс орындары шоғырланып, құрылыс жұмыстары басталды. Бірақ бұл аймаққа әлі күнге дейін инфрақұрылым желілері толық тартылмай отыр. Бұл да корпорацияның дұрыс жұмыс істемегенін айғақтайды. Бір сөзбен айтқанда, «Ақтөбе» ӘКК-сы облыс экономикасына үлес қосу міндетін орындамай отыр» деп сынға алды өңір басшысы.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында аудандарда Сервистік-дайындау орталықтарын құру туралы шешімнің сөз жүзінде қалып, бөлінген қаржының желге ұшқаны туралы мәлім болған. Осылайша облыс әкімі, директорлар кеңесі төрағасы Б.Сапарбаевтың ұсынысы бойынша өзіне тиісті міндеттерді тиісті деңгейде атқармағаны үшін «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Әлімжан Үсенғалиев қызметінен босатылды. Директорлар кеңесінің отырысында кеңес мүшелерінің құрамы толықтырылып, саны тоғыз адамға жеткізілді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ жұмысын жолға қою, бұл ретте директорлар кеңесінің ықпалдылығын арттыру туралы міндеттер белгіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/952969-saparbaev-aqtobe-akk-basqarma-tora.html