RU

Алматы әуежайында аты-жөні ұқсас азамат өзгенің қарызынан шетелге ұша алмай қалды

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарайтын Алматы әуежайындағы шекара қызметінің бақылау бекеті шетелге ұшпақ болған жолаушы Александр Пушкаревті "мемлекет алдында қарызыңыз бар" деп ұшаққа жібермей қойған деп хабарлайды Алматы арнасы.

Ұшақ ұшып кеткен соң ғана қарыз Пушкаревпен аты-жөні ұқсас жандыкі екені анықталған. Гоаға жолдама сатып алған туристі паспорттық тексеру кезінде шекаралық бақылау бекетінің қызметкерлері кері қайтарған. Базалық тексерісте оның мойнында төленбеген қарызы бар деген ақпарат шыққан.

«Менің мойнымда ешқандай қарыз болған емес. Оны билетті сатып алар кезде турфирмада тексерген. Бірақ әуежайға келгенде Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында үш жыл бұрын қарызы бар деп шықты. Ал бақылау бекетіндегілер бір сағат өтсе де, не қылған айыппұл екенін анықтай алмады», - дейді Алматы тұрғыны Александр Пушкарев.

Өмірінде алғаш рет шетелге шығуды армандаған азамат ақыры айыппұлдың өзімен аты-жөні ұқсас, бірақ туған жылы басқа адамның атына жазылғанын келесі күні бір-ақ білген. Демалысын жоспарлаған азамат шекаралық бақылау қызметкерлерінің аты-жөні сәйкес келгенмен, тұрғылықты жерін, туған жылы сынды өзге де ақпараттарды анықтауға құлшыныс танытпағанына налиды. Ал арнайы сауалхат жазып, екі күннен соң алынған жауапта ҰҚК шекара қызметі кімге не үшін шектеу қойылғанын анықтау біздің міндетке жатпайды деп қысқа қайырды.

«Бұл азаматтың айтып отырғаны шындыққа сәйкес келмейді. Шекара қызметі өзінің міндетін тікелей атқарып отыр. Шектеу қойылды ма қойылды. Біз оны шығара алмаймыз», - деді ҰҚК шекара қызметі қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Қанатбек Солтанов.

Анықталғаны Төле би ауданында осыдан үш жыл бұрын Пушкаревпен аттас адам машинамен камераға түскен. Бірақ ол 1979 жылғы болса, ұшақтан қалған Александр 64 жылы туылған. Шырылдап шындық іздеген ол өзінің атында ешқашан көліктің тіркелмегенін және Шымкент жақта болмағанын айтып әлек. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы Төле Би аудандық сот орындаушылары Александрды расымен өзгемен шатастырып алғандарын мойындап отыр.

«Техникалық қателіктен екінші адамға қойылған. Туған жылын қарамаған. Аты-жөні, тегі сәйкес келген. Анау Төле би ауданында, екіншісі Алматыда»,- деді Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы жеке сот орындаушысының көмекшісі Шалқат Сәрсенбаев.

250 мың теңгеге алған жолдамасын өзгеге бола күйдіріп алған азамат қан қысымының көтеріліп, жүйкесінің тозғанын айтады. Ал, қарызы бар қашқын мен жазықсыз адамды ажырата алмай, бір-біріне сілтеген екі бірдей үлкен мекемемен алматылық Александр енді соттаспақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/952995-almaty-auezhayynda-aty-zhoni-uqsas-azam.html