RU

Алматы полициясы қыз алып қашқан бұзақыларды ұстау жоспарын құрды

Алматы полициясы көпшіліктің көзінше күштеп қыз алып қашқандарды іздестіруде деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметі NUR.KZ порталына.

«Бүгін сағат 08.50-де «102» қызметінің пультіне жергілікті тұрғындардан бір бойжеткенді белгісіз біреулердің көлікке күштеп отырғызып алып кеткені жөнінде хабар келіп түсті. Оқиға орнына тез арада жол-патрулдік полиция экипажы мен Бостандық ауданының ІІБ жанындағы полиция бөлімінің тергеу-оперативтік тобы келіп жетті. Көп ұзамай, автокөлік пен оның иесінің аты-жөні анықталды», - делінген хабарламада.

Қазір бұл дерек Қылмыстық кодекстің 125-ші бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес Басқармасы мен полицияның басқа да бөлімдері қызметкерлері бойжеткеннің қай жерде екендігін анықтау және осы қылмысқа қатысты азаматтарды ұстау бойынша тиісті шаралар қолдануда.

Еске салсақ, бұған дейін желіге алматылық студенттердің қыз алып қашқаны туралы видео жарияланғанын хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/954512-almaty-policiyasy-qyz-alyp-qashushylard.html