RU

Үкіметтің триллиондаған қарызы сенаторларды шошытты

Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев негізгі қаржылық құжатты бекіте алмай жатқанына қарамастан сенаттан Халықаралық банктен несие алуға рұқсат сұрап келген еді. Мұны естіген депутаттар қарсы шығып, министрге әуелі шетелдік банктерден алған берешектен тезірек құтылуға кеңес берді.

Досаев 40 миллион доллар қарызданып кәсіпкерлерді оқытпақ  деп хабарлайды КТК арнасы.

"2015 жылдың 1-қазанындағы жағдай бойынша, еліміздің мемлекеттік қарызы 7,6 трлн теңге болған. Соның ішінде оның 98,8 пайызы үкіметтің қарызы екен. Ал, енді соңғы 9 айдың көлемінде үкіметтің қарызы валюта бағамын ескере отырғанда 1,9 трлн өсіпті. Немесе 20 пайызға өскен. Мұның бәрі келешек ұрпақтың мойнына ілінген қарыздар емес пе?", - дейді сенат депутаты Қуаныш Айтақанов.

Бастапқыда сырттан ақша алуға қарсылық білдірген сенаторлар райынан өте тез қайтты. Триллионнан  асатын несиден құтыла алмай жатқанда, тағы 40 миллион доллар қарыз алуға келісім беріп, Досаевтың қолын құр қайтарған жоқ. Ал доллардың қымбаттауынан тығырыққа тірелген бюджеттің тағдыры әлі белгісіздеу боп тұр.

Тіпті, үкімет доллардың қымбаттап, теңгенің құнсыздауынан ең төменгі күнкөріс деңгейін де белгілей алмай қиналып отыр. Өйткені, жұрт жиі тұтынатын негізгі азық-түліктің бағасы күн сайын сан құбылып тұр. Әсіресе нанның нақты қанша теңгеге қымбаттайтыны белгісіз. Ал әлеуметтік көмектің көлемі дәл осы ас атасының бағасына тікелей байланысты. Экономика мен бюджетке жауапты министрлерден қазір ұйқы қашқан. Тіпті алдағы үшжылдық бюджетті бекіту де, дауға айналып барады.

Доллар өскен сайын азық-түлік құны да шарықтап жатыр. Мәселен, жаңа жылдан бастап нан 90 теңгеге дейін қымбаттамақ. Мұндай өзгерістен кейін үкімет әлеуметтік көмек пен ең төменгі күн көріс деңгейін қайта есептеп, бекітуі тиіс. Алайда теңгенің тұрақсыздығы министрлердің де мазасын қашырып отыр.

"Нан бағасына келсек, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп қымбатшылықтың ең төменгі күн көріс деңгейіне қалай әсер ететінін қарап жатырмыз. Соған сай әлеуметтік көмектің де көлемі белгілі болады. Әзірге бір нақты шешімге келмедік", - дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Қазір ең төменгі күн көріс деңгейі 19 мың теңгеден сәл-ақ асады. Үкімет осы ақшаға адам бір ай бойы еш тарықпай өмір сүре алады деп отыр.

Ал теңге еркін айналымға кеткелі ең төменгі күн көріс деңгейі қайта қаралмаған. Оның көлеміне қарай жалақы, зейнетақы мен әлеуметтік көмек тағайындалуы тиіс. Бұл аздай үкімет алдағы үш жылдық бюджетті де кешіктіріп қабылдауы мүмкін. Басы қатқан министрлер басты қаржылық құжаттың әлі есебіне жете алмай жүр. Бұл тақырып қозғалса, Қаржы, Экономика министрлері тұра қашады.

"Мен қашып бара жатқаным жоқ. Дүрбелеңді сіздер туғызып жүрсіздер. Әзірше, айтатын ештеңе жоқ. Ештеңе дайын емес", - деп Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев қысқа қайырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/954719-ukimettinh-trilliondaghan-qaryzy-sena.html