RU

"Ислам мемлекеті" содырларының ТМД аумағына кіру қаупі жоғарылаған

ДАИШ террорлық ұйымы өкілдерінің ТМД аумағына кіру қаупі жоғары. Қазір Ауғанстанның ТМД мемлекеттерімен шекаралас аумақтарында ұйымның шамамен төрт жарым мыңға жуық содыры бар көрінеді.

Бұл туралы бүгін ТМД елдері шекара қызметі басшылары кеңесінің 74-ші мәжілісінде айтылды. Қазірдің өзінде кеңеске мүше елдер Тәжікстан мен Қырғызстанның шекарашыларына көмек көрсетуге мәжбүр. Тіпті Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің жедел тобы Тәжікстанда маман дайындау ісімен айналысып жатқан көрінеді.

"Ең күрделі жағдай қазір Ауғанстан шекарасында. Қолда бар ақпаратқа сай, өңірде қазір террорлық топтардың достастық елдері шекараларына қарай жылжуы байқалып отыр. Оның ішінде Түркіменстан мен Тәжікстанға қарай. Біздің басты міндетіміз - осы топтардың шекара асып, ТМД елдеріне кіруіне жол бермеу", - деді ТМД елдері шекара қызметі басшылары кеңесі үйлестіру қызметінің төрағасы Александр Манилов.

Еске салайық, бүгінде ДАИШ жақтастарыңның арасынан өзбек, қырғыз, тәжік азаматтары жиі шығып жүр. Кеше Түркия билігі жүргізген арнайы операциясы кезінде 200-ге жуық террорлық ұйым өкілі ұсталған болатын. Олардың арасында әйелдер мен балалар да бар. Ал сақшыларға бой бермегендері өз-өздерін жарып жіберген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/954888-islam-memleketi-sodyrlarynynh-tmd-aum.html