RU

Әлемге әйгілі дағыстандық спортшы Қазақстан халқының қонақжай еместігін айтты

Ресейлік ең танымал MMA ережесіз жекпе-жек шеберлерінің бірі Расул Мирзаев Қазақстанда «Alash Pride» ұйымдастырған турнирге не үшін келмегенін түсіндірді.

Бұл туралы Sports.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

— Соңғы айда сіздің Қазақстанға келуден бас тартуыңыз біраз жұртшылықты дүрліктірген еді. Не себепті бас тарттыңыз?

— Болмаған дүние төңірегінде шу шықты. Біздегі спортшылардың өз тәртіптері бар. Жекпе-жекке біздің тараптан келісім алынып, қолымыз қойылған келісімшарт болуы керек. Ондай болмады. Екіншіден, спортшының жекпе - жектен кейін екі апта өтпей жатып тағы біреуіне шыққанын қайдан көрдіңіздер? Бұл біздің деңгей үшін мүмкін емес.

— Тым құрымаса ауызша келісім жасалды ма?

— Тіпті, ауызша келісім де болған емес. Ойдан шығарып алды. Қазақстандық промоушен менің атымды пайдаланып, жарнама жасады. Ақша тапты. Сосын маған хабарласып, жекпе-жекке кел дейді. Мен бір нәрсені нақты айта аламын. Маған дейін оларды ешкім білген емес. Түрмеден шыққаныма екі ай өткеннен кейін мен олардың керемет деп қоймаған жекпе-жек шеберімен кездестім. Ол кісі маған кереметтігін дәлелдей алмады. Бірақ бәрінен бұрын мені олардың қонақжай болмауы таң қалдырды. Үстіме шөлмек лақтырып, су шашты. Мені бұлай қарсы алғандары дұрыс емес. Жақында өз отаным- Дағыстанда жекпе-жекке шыққанымда бізге АҚШ-тан қарсылас келді. Оған қонақжай халық екенімізді көрсету менің міндетім болды. Баспасөз жиынында, салмақ өлшеу кезінде ол жабайылар еліне келмегенін түсінуі керек еді. Ал мен Қазақстанға екінші рет келгенде бұл жағдай қайталанды. Сол себепті, үшінші рет мен ол жерге аяқ басқым келмейді.

Еске салсақ, Мирзаев екі рет Қазақстанға келіп, біздің спортшы Ержан Естановпен жекпе-жекке шыққан болатын. Екі ретте де ресейлік отандасымыздан басым түскен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/954941-rasul-myrzaev-qazaqstangha-kelgenimd.html