RU

Әнші Ернар Айдар өзін тым ерекше жақсы көретінін жасырмады

Әнсүйер қауымның көзайымына айналған Ернар Айдар әр концертке халық жиналмай қалатынынан қорқады. Бұл туралы әнші Қостанай таңы басылымына берген сұхбатында айтты.

Ернар Айдар өнер жолына келмес бұрын әкесінен түйгені көп екенін мақтанышпен еске алады. Әке тәрбиесінен шыңдалған бозбала шығармашылығында одан әрі қанаттана түскен. Үлкендерге сый-құрметін аямайтын әнші халықпен қандай қарым-қатынаста болуды да жақсы меңгерген.

"Өнер адамнан шынайылықты талап етеді. «Ағаш жемістеген сайын басы иіле береді» дейді ғой. Сол секілді танымалдығымыз артқан сайын өнер талабы бойымдағы адамгершілік пен кішіпейілділікті молайта түсті дей аламын", - дейді әнші әңгімесінде.

Ернар Айдар шоу-бизнесте көңіліне қаяу түсірген сәттердің де орын алып тұратынын жасырмайды. Бірақ өзін жақсы көретін әнші ешқашан еңсесін түсірген емес.

"Жалпы, өзімді жақсы көремін. «Өзін – өзі сыйлаған адам өзгеге де өзін сыйлата алады» дейді ғой.  Сол себепті адам өзін-өзі сыйлауы керек, жақсы көруі керек. Әр адамға түрді, мінезді, дарын-қабілетті Алланың өзі береді. Сол берілген құндылықтарды бағалай білу керек", - дейді әнші.

Ернардың айтуынша, оның әр күні әрқалай өтеді. Белгілі бір "режимі" жоқ. Кей күні ұйқымен өтсе, кейде ұйқысыз өтеді, кейде тамақпен өтсе, кейде тамақсыз өтеді.

Сондай-ақ, әнші әзірге жүрегін жаулаған қыздың жоқ екенін айта келіп, үйленуден қорықпайтынын атап өтті.

"Ондай қорқыныш жоқ. Себебі, менің ойымша, шығармашылықтың құлдырауы немесе шарықтауы бұл жағдайға мүлдем байланысты емес. Егер, адам өнерге шынайы қызмет етіп, тынымсыз еңбектенетін болса, ондай жағдайлар туындамайды деп ойлаймын", - деп жалғастырды әнші.

Кәсіби әншілікке дайындалып жүрген әртіс, жуырда Астана қаласында  Айқынмен бірге жанды дауыста концерт беруді жоспарлап отыр. Ернар Айдар болашақта тек жанды дауыста өнер көрсетуге талпынатынын жеткізді.

Бұған қоса, әншінің ең басты құндылығы ата-анасы екен. Әке-шешінің разылығы Алланың разылығы екенін жақсы түсінетін Ернар Айдар перзенттік парызын ешқашан ұмыт қалдырған емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/954942-ernar-aydar-koncertine-khalyq-zhinalma.html