RU

Қазақ қызы самбодан әлем чемпионатының финалында есе жіберді

Марокконың Касабланка қаласында өтіп жатқан самбодан әлем чемпионатының екінші күнінде қазақстандық Гауһар Тұрмаханова күміс жүлдегер атанды.

Халықаралық самбо федерациясының ресми сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Гауһар 52 келі салмақта финалда украиналық Мария Уиокқа қана жол берді. Сөйтіп Тұрмаханова өткен жылғы табысын қайталай алмады.

2014 жылы Жапонияның Нарита қаласында өткен әлем біріншілігінде ол соңғы бәсекеде ресейлік Анна Харитонованы (бұл балуан биыл қола жүлдені қанағат тұтты) ұтып, жеңімпаз атанған еді.

Кеше Гауһардан басқа қазақстандық самбошылар, өкінішке қарай, жүлдеге қол жеткізе алмады. Солардың ішінде самбодан төрт мәрте әлем чемпионы, батысқазақстандық Ерболат Байбатыров та бар.

Айта кетейік, Касабланкадағы әлем чемпионаты бүгін мәреге жетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/956566-qazaq-qyzy-sambodan-alem-chempionatyn.html