RU

Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі: "Шымкент City" жобасына мемлекеттен бір тиын да бөлінбейді

Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек бірқатар журналистер мен блогерлердің басын қосты. Ол бейресми кездесуде "Шымкент City" жобасына мемлекет қазынасынан бір тиын да жұмсалмайтынын атап өтті деп хабарлайды rgmedia.kz.

Мақсат - қаланың алдағы бес жылдыққа арналған әлеуметтік-экономикалық даму концепциясын жан-жақты талқылап, ұсыныстар тыңдау. Кездесу барысында тұжырымдамаға енген "Шымкент City" заманауи тұрғын және іскерлік орталығы жобасына ерекше мән берілді. Аталған орталыққа 412,0 га жер бөлінбек. Өз сөзінде қала басшысының кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы бұл жобаға мемлекет қазынасынан бір тиынның да жұмсалмайтынын, бәрі инвесторлардың есебінен жүзеге асатынын атап өтті.

"Күні кеше қала әкімі Түркия елінің өкілдерін қабылдаған болатын. Қабылдау барысында түрік инвесторлары орталықта бой көтеретін жобаларға қызығушылық таныттты. Ал жобаға бөлінетін жер телімдерін жалға беру немесе сату мәселесі әлі нақтыланған жоқ. Бұл - алдағы уақыттың еншісінде. Белгілісі, инвесторлар жобаны қолға алса, жұмысқа жергілікті азаматтар тартылады. Демек, бұл жобаның тек кәсіпкерлік, туризм саласын дамытуға ғана емес, жұмыссыздық проблемасымен күресуге де өз септігін тигізетін болады", - деді Жеңісбек.

Сондай-ақ әкімдік қызметкері қатысушыларға әлеуметтік желілерде тек қана позитив жайттарды бөлісіп, мазалаған сауалдар болса, әкімдік бекіткен телефон нөміріне WhatsApp желісі арқылы жеткізу туралы өтінішін айтты.

Еркін форматта өткен кездесуде қатысушылар тарапы әкімдік өкіліне көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады. Соның ішінде қоғамдық автобустар жұмысындағы олқылықтар көпті мазалады. Көліктердің қызмет көрсету уақыты, жүргізушілердің автобустарды басқаруда жиі тәртіп бұзатындығына және де кондукторлардың мәдениетсіздігіне қатысты ұсыныстар айтылды.

Блогер Ғалымжан Оразымбет: "Қоғамдық көлік жүргізушілеріне жоспарды орындау міндеті емес, белгілі бір мөлшерде жалақы төленетін болса, мұндай келеңсіздіктер болмас еді", - деді.

Бұдан өзге мұғалімдер мен студенттерді қоғамдық шараларға күштеп қатыстыру, басылымдарға жаздыру, қаланың инженерлік құрылымы мен жарықтандыру, жолдардың сапасыздығы мәселелері туралы да сөз қозғалды. Айта кетейік, көтерілген ұсыныстарға төрт жұмыс күнінің ішінде ресми түрде жауап берілетін болды. Сондай-ақ, мұндай бейресми кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады. Белгілі бір көтерілетін мәселеге жауапты мамандар да кездесуге қатысып, сауалдарға жауап бермек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/957098-shymkent-qalasy-akimininh-kenhesshisi-shy.html