RU

Лондонда кәсібін дөңгелеткен қазақ қызы көпшілікті таң қалдырды

Алматыда туылып, Лондонда тұрып жатқан Эльмира Әділбекова әлемнің саяси астанасы атанып кеткен қалада жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл туралы ол Айқын газетіне берген сұхбатында айтқан.

Алматыдағы Т.Рысқұлов атын­дағы жоғары оқу орнын эко­номика мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп, қаржы маманы болып шыққан соң Эльмира ары қарай оқуын жалғас­тырғысы келгенін айтады. Сөйтіп, Лондон бизнес-мектебінде азаматтық құқық бой­ынша бакалаврды бітіреді және қаржы магистрінің дипломын алады.

- Америкада жолдасым екеуміз төрт жыл тұрдық. Лондонда тұ­рып жатқаныма бес жыл болды. Лондон орталығындағы инвести­ция бойынша ең үздік консал­тингтік компаниялардың бірінде Англия заңдылықтарының қатаң талабына сәйкес клиенттермен қалай жұмыс істеу бойынша баға жеткізгісіз тәжірибе жинақтадым десем болады. Нәтижесінде осын­­да өзімнің жеке компания­м­ның негізін қаладым.

– Сіз басқаратын фирма немен айналысады?

– Фирмамыз ағылшынша Regal Oak International LTD деп ата­лады, қазақша айтсақ «Корольдік емен». Білім, жылжымайтын мү­лік, қаржы және салық, т.б. сала­лар бойынша сарапшылықпен айналысамыз. Құдайға шүкір, сапалы еңбектің арқасында та­бысты жұмыс жүргізудеміз, өзіміз де, клиенттеріміз де дән риза. Аме­рикадан жинаған тәжіри­бем­нің арқасында Англияға қоныс аударған немесе қоныс аудармақ талай адамның жат жерге тезірек сіңісіп кетуіне, үй алуына, жұмыс табуына, білім алуына көп кө­ме­гім тиюде. Алматыда, Астанада, Ақтөбеде де офистеріміз бар. Сон­дай-ақ компаниямыз Қазақ­стан­нан бөлек Армения, Әзірбай­жан, Қырғызстан, Молдова, Тә­жік­стан, Өзбекстан және Грузия елдерінде де қызмет көрсетеді.

Біз Лондон, Ұлыбритания бо­йынша білім беру саласы, со­ны­мен қоса тұрғын үй, саяхат және студенттерді, магистрант­тарды, туристер мен иммигранттарды қызықтыратын басқа да көптеген мәселелердің, сұрақтардың әр­кімге де тиімді, қолайлы, уақытты үнемдейтін жақтарын қарасты­руға әрдайым дайынбыз.

Мәсе­лен, жеке клиникалар, сауықтыру бағдарламалары, босану, ауру­хана, лизинг, өнер мен сән, той өткізу, тағы да басқа да көптеген сұрақтар бойынша сапалы қызмет көрсетеміз. Түрлі құжаттар бойынша көмектесеміз. Әркімнің жеке қалауы бойынша, тұрып жатқан ауданын ескере отырып, мектеп жағдайын қарас­ты­рып, жылжымайтын мүлік таң­дауға, Ұлыбританияда автокөлікті жалға немесе сатып алуына қыз­мет көрсетеміз. Біз, қажет болған жағдайда, автокөлік сақтандыру бойынша да қызмет көрсетуге, дилерлер туралы ауқымды ақ­паратты ұсынуға да зор үлес қо­су­дамыз.

Сондай-ақ Лондон, Ұлыбри­тания жеріне қадам басқандардың жоспарлап келген қызықты де­ма­лыстарының көңілді өтуін қа­рас­тырамыз. Туристердің автобуспен немесе жеке турмен, гидпен тари­хи қалалармен (Лондонға, Warwick Castle, Оксфорд, Кембридж, Windsdor Castle, Лидс, Стоун­хенджа, Bath, Stratford, Cotswolds) танысуға, саяхатқа байланысты билеттерін тиімді бағаға сатып алуға, бронь жасауға, қонақүй, мейманхана, хостел жалға алуға қызметімізді ұсынамыз.

Балабақ­шадан бастап, мектеп (жеке, мем­лекеттік), лингвистикалық (ағыл­шын тілін меңгеретін) және басқа да кәсіби курстарға , жоғары оқу орындарына (бакалавриат, магис­тратура, доктарантура) түсуге бай­ланысты толық сапалы ақ­параттар ұсынамыз. Студенттерге жатақхана таңдаудың тиімді жо­лын ұсынамыз. Бізде жылжы­май­тын мүлік нарығындағы деректер үнемі жаңартылып тұрады. Қыс­қасы, сәттіліктің кілтін Лондон, Ұлыбритания мемлекетінен ізде­гендерге Корольдік емен қашан да сапалы қызмет көрсетуге даяр.

– Отбасыңыз жөнінде бірер сөз айтсаңыз?

– Жолдасым Ермек те қаржы саласының қызметкері. Алматы­ның «Ақсай» шағын ауданында көрші тұрдық. Ол мектепте орыс­ша оқыған. Өзім қазақ балабақ­шасында тәрбиеленіп, Алматы­дағы 147-қазақ мектебін 16 жа­сымда үздік бітіргенмін. Жол­дасым екеуміз де университетте бірге оқыдық. Оқи жүріп бас қос­тық. Екі қызымыз бар, болса да ағылшын мектебінде оқиды. Үйде тек қазақша сөйлесеміз. Әке-ше­шем Алматыда тұрады. Әкемнің есімі – Ислам, полиция қызмет­кері болып жүріп зейнет дема­лы­сына шыққан. Қазір де қол қу­сырып отырған жоқ, басқа са­лада еңбектенуде. Анам Айгүл ша­ғын бизнеспен айналысады. Ку­ли­на­рия маманы. Өзім үйдің тұң­ғы­шымын. Сіңлім мен інім бар.

– Еуропадағы қазақтар туралы не дейсіз?

–Бұрыннан тұратын, яғни Түркиядан 80-жылдары көшіп барған 400-дей жергілікті қазақ­тар туралы айтсам, өкінішке қарай, олардың көбісі ана тілін ұмытып бара жатыр. Жастар жа­ғын айтам. Бүгінгі ұрпақтың ана тілінен ажырап бара жатқан­ды­ғына ата-аналары алаңдаушылық білдіреді. Балаларымен ағылшын­ша сөйлеседі. Оларды қойшы, өзі­міздің Қазақстаннан оқуға барған талай жастың қазақша білмейтіндігін көргенде еріксіз қарның ашады. Амал жоқ, қазақ балаларымен орысша түсінісуге тура келеді.

Лондонда тұратын қазақтардың негізін осы елден келген студенттер құрайды. Де­ген­мен, ағылшындар қазақ ба­лаларының таланттылығына таң­ғалады. Лондонда тұратын жаңа қазақтар қаланың ең ауқатты ау­данында тұрады. Онда да тіл мә­се­лесі алдыңнан шығады. Бола­шақ­та қажетті шаралар қол­да­нылмаса жаңа буын қазақтар, тұрған елде­рінің мәдениетін және салт-дәс­түрлерін қабылдап, ассимиляция болып кететіні анық. Мәселе балаға берілетін ұлттық тіл мен мә­дениетте.

Англиядағы ата-ана­ларға жүктелетін жауапкер­шілік өте көп. Бірақ сол ата-аналардың өздері де ана тілден мақұрым. Оларға қол ұшын беру ең алдымен Қазақстандағы тиісті орындардың алдында тұрған міндет. Әрине, Еуропадағы Қазақ мәдениет ор­талықтары жастарға қазақ тілінің оқытылу жұмыстарымен шұғыл­данып жатқаны анық. Лондон­дағы Қазақстан елшілігі, ондағы қазақ мәдениет орталығы деген­дей. Дегенмен, Қазақстанның да атсалысқаны дұрыс. Ал өзімізге келсек, алыста жүрсек те жүре­гіміз тек «қазағым» деп соғады.

– Лондон мен Алматының ерекшелігі неде?

– Мұнда біздегімен салыстыр­ғанда тамақ қымбат та, киім өте арзан. Қала өте таза. Шаһарды қақ жарып Темза өзені ағады. Бірақ көшелері тар. Көненің көзі саналатын сәулетті ғимараттары көп. Саябақтар да жетеді. Тұр­ғындар ыңғайлы кез келген жерге отыра береді. Өздеріне ыңғайлы киім киінеді. Ол жақтың халқы көбіне үйден гөрі мейрам­хана­лардан тамақтанғанды құп көреді. Қалада туристер өте көп. Лондон туралы сөз айта берсең тау­сылмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/957704-almatyda-tuylyp-londonda-kasibin-donh.html