RU

Өскеменде бір топ жігіт жетім азаматты бірнеше сағат бойы ыстық үтікпен күйдірді

2015 жылдың сәуірінде Өскемен тұрғыны жантүршігерлік азаптауларды басынан өткерді. 29 жастағы ер кісіні бір топ жігіттер от шашқышпен және ыстық үтікпен күйдіріп, бірнеше сағат бойы қинаған. Кейін есінен танғанда қоқыс жәшігіне лақтырып кеткен.

Бұл туралы yk-news.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Ішімдікке масайған бір топ жігіт Ринат Әбдірахмановты көшедегі бойжеткеннің көңілін ауламақ болған сәтте байқап қалады. Бойжеткен үйіне бірге баруын қоймай сұрап тұрған Ринаттан құтылу үшін көмекке шақырады. Өздерін құтқарушылар секілді сезінген жігіттер ішімдіктің әсерімен ер кісіні соққыға жығып, өз үйіне сүйреп әкетеді. Ал көмек сұраған бойжеткен қауіпті жерден тез арада кетіп қалған.

4 жігіт Ринатқа жабылып, оны қолына түскен затпен ұрып-соғады. Қалтасынан ІІМ қабына салынған күзетші құжатын тапқан жігіттер оны тәртіп сақшысы санап, одан сайын азаптай түседі. Себебі, төртеуі де кезінде істі болғандары үшін полицейлерге өш сақтап жүрген екен.

Олар Ринатты шешіндіріп, үстінен ыстық үтік басады. Кейін спрей-дезодаранттан от шашқыш жасап, бетін тірідей өртейді. Шашына дейін жанып кеткен азаматты жігіттер одан әрі қинап, оған өткір заттармен соққы жасайды. Қайта-қайта есінен танып отырған Ринаттың шаруасы бітті деп санаған жігіттер бірнеше сағаттан кейін оны ауладағы қоқыс жәшігіне лақтырып кеткен.

Абырой болғанда, өтіп бара жатқан адам оның көмекке шақырғанын естіп, полицейлер мен жедел жәрдем шақыртады.

Жағы сынып, басы мен жүрегінен жарақаттар алған Ринат бір ай бойы емханада жатты. Ол өзін азаптаған жігіттерді әзер есіне түсіріп, кей кездері, тіпті жақындарының да есімдерін ұмытатын болған. Денсаулығы құртылған жетім азаматты қинағандар сот алдында жауапқа тартылды.

Сотта ашынған азамат денесіндегі жарақаттарды көпшілікке көрсетіп, азаптаушыларға лайықты жаза тағайындауын сұрады.

№2 Өскемен соты әр сотталушыны 6-7 жылға бас бостандығынан айырды. Жаза әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/957967-oskemende-bir-top-zhigitter-zhetim-azam.html