RU

Сапарбаев ұлы мен келінін бастық қылған орынбасарына қатысты шешім шығаруға асығар емес

Ақтөбе облысының әкімі туыстарын бастық қыламын деп басы дауға қалған орынбасарына қатысты бір тоқтамға келе алар емес деп хабарлайды КТК арнасы.

Себебі «Нұр-Отан» партиясының жанындағы қоғамдық кеңес Сара Нұрқатоваға байланысты шешім қабылдауды аймақ басшысына тапсырған. Ұлы мен келінін қарамағындағы басқармаларға лауазымды қызметке алуы қаншалықты заңды екенін анықтау да Сапарбаевқа жүктелген екен. Бірақ, ол тексерудің нәтижесі де сиыр құйымшақтанып барады.

Туған ұлы мен келінін әкімдіктегі жайлы орынға жайғастырған әкім орынбасары Сара Нұрқатованың қылығы қоғамда қызу талқыға түсті. Билік партиясындағылар Бердібек Сапарбаевтан осы мәселені зерделеп, шара қолдануды талап еткен. Дегенмен нұсқаудың түскеніне екі аптадан асса да әкімдіктегілер үнсіз.

Ал Сара Нұрқатоваға қатысты шудан соң аймақтағы жастар саясаты басқармасының басшысы орынбасарсыз қалды. Шенеуніктің келіні Алуа Қасымова енесінің басы дауға қалған бойда бала күтіміне байланысты демалыс алыпты. Енді оның қызметіне қашан ораларын бастығы да білмейді. Ең қызығы Нұрқатованың келіні қызметін ауыстырған күйеуінің орнына декретте отырған жерінен тағайындалған.

"Қазір бөпесі екі жаста. Сондықтан жұмысқа шығып, қайта балама қараймын деп кетіп қалды", - дейді Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Дариға Исмағамбетова.

Ал әкім орынбасарының ұлы Максим Чаркин анасының арқасында бастық болғанын жоққа шығарды. 28 жастағы шенеунік мектепте мұғалім болып көрмеген. Бірақ білім басқармасы басшысының орынбасары болуға оның ешқандай кедергісі жоқ дегенді айтады.

"Студент кезімде мектепте тәжірбиеден өттім. Лагерде жұмыс істедім. Менің тәжірбием жоқ деп шулап жатыр. Мен қызметке заң талаптарына сәйкес орналастым", - дейді Сара Нұрқатованың ұлы Максим Чаркин.

Максим Чаркиннің жаңа қызметке тағайындалғанына үш айдың жүзі болды. Әзірге кеңсе жұмыстарынан қолы тимей жатыр. Бастық болғалы Мұғалжар ауданынан әріге бармаған. Ауыл мектептерін аралауды кейінге қалдырыпты. Ал Сара Нұрқатоваға қатысты соңғы шешімді енді оның тікелей бастығы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шешім қабылдауы тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/958377-saparbaev-akimi-uly-men-kelinin-basty.html