RU

Ахметжан Есімовтің оң қолы мен орынбасарлары қазір қайда жүр?

Лауазым иесі қызмет ауыстырғанда онымен бірге жанындағы командасының да үдере көшуіне тыйым салынғаны жайлы талай рет айтылды. Бірақ бұл талапқа  құлақ асатындар да, құлақ аспайтындар да бар тәрізді.

Бұл туралы Рейтинг газетіне сілтеме жасап oinet.kz хабарлайды.

Содан болар, Алматы әкімі қызметінде 7 жыл отырған Ахметжан Есімов «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының төрағалығына ауысқанда сарапшылар «енді Алматыдан Астанаға қарай шенеуніктердің ұлы көші басталады» деп топшылаған-ды.

Алматыдай алпауыт әрі экономикалық мүмкіндіктері зор мегаполисті басқару үшін Есімов өзінің төңірегінде айтқанын екі етпейтін, сенімді команда қалыптастырып үлгергені белгілі.  Екі бірдей орынбасары сонау 2008-жылдан бері қызмет атқарып келуінің өзі біраз жайды аңғартады емес пе?

Есімовтің командасы Алматыда қала алмайтынының және бір себебі – жаңа әкім Бауыржан Байбектің кадрлық саясаты. Саясаттанушылардың пікірінше,  Байбек әлі жас, басқарушылық тәжірибесінің аздығымен қоса қаланың коммуналдық шаруашылығы, құрылыс секілді күрделі салалардан хабары жоқ.

Ал Есімовтің тұсындағы орынбасарлар – қала тіршілігін бес саусағындай білетін әккі шенеуніктер. «Байбек солардың жетегінде кетіп қалуы мүмкін, сондықтан жаңа әкімге өзі сияқты жас әрі тіл алғыш кадрлар керек болды» деген болжам  жиі айтылды. Және саяси сәуегейлер айтқан жорамалдардың біразы орындалды да.

Алғашқылардың бірі болып қызметтен Ербол Шорманов кетті. Оны білетіндер Есімовтің оң қолы деп те атайтын. Одан соң Юрий Ильин, Зәуреш Аманжолова мен Мұрат Құдышев секілді орынбасарлар босады. Есімовтің кезіндегі  әкім орынбасарларынан қазір жалғыз Болат Сауранбаев қалды.

Шорманов бірден «ЭКСПО»-ға  қарай тартты. Қазір ұлттық компанияда басқарма төрағасының орынбасары. Жалпы, бастығының қандай қызметке баратыны Шорманов үшін бәрібір сияқты. Әйтеуір Есімов - бастық мәртебесінен айырылмаса, Шормановқа орынбасарлық қызмет табылатыны заңдылық.

Есімовтің тағы бір сенімді кадры – Сергей Куянов. Соңғы жеті жыл бойына Есімовтің көлеңкесіне айналғандай еді. Әрі баспасөз хатшысы, әрі кеңесшілік қызметті қатар атқарған Куянов  тіпті «Алматы» телеарнасына да тізесін батырып, тікелей ықпал жүргізе бастады.

Куянов та биыл тамыз айында телеарнаны да, кеңесшілікті де тапсырып, Есімовтің ізімен Астанаға кетуге асықты. Қазір «ЭКСПО-2017» компаниясындағы бүкіл пиар қызмет Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментке жетекшілік ететін Куяновтың қарамағында.

Бұрынғы әкімнің  экс-орынбасарларына әзірше Есімовтің жаңа қызметіндегі командасынан орын табылмады. Юрий Ильинді жұрт «ЭКСПО-2017»-ге алдын-ала ұзатып қойып еді. Алайда, оған президент әкімшілігіндегі мемлекеттік инспектор қызметі бұйырды.

Зәуреш Аманжоловаға «Нұр Отаннан» тәп-тәуір қызмет табылды. Ал Мұрат Құдышев әзірше жұмыссыз.  Сарапшылар «ЭКСПО-2017» компаниясына Есімовтің кадрлары әлі де шоғырлану мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/958717-akhmetzhan-esimovtinh-onh-qoly-men-orynba.html