Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үш рет тұрмыста болған әйел қыз-келіншектерге бақытын сақтап қалудың жолдарын айтты

Опубликовано:

Отыз жасқа жеткенше үш рет тұрмыста болып үлгерген Ботакөз есімді келіншек еліміздегі қыз-келіншектерге бақытын сақтап тұрудың жолдарын айтты.

Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.

"Бүгінгі заманның трендінен қалмай, ажырасқандардың қатарын толтырып жүрмін. Бірақ, бақытты болғым келеді", - деген келіншек үш некесінің де бұзылуына себеп болған жайттарды тізбектеді.

«Естіген құлаққа түрпідей тигенімен, өмірім осы. «Үш рет тұрмыс құрамын» деп ойлаппын ба? Жасым отызға енді келеді. Үш бірдей азаматпен бас қосыппын. Үшеуінен үш балам бар»,-дейді дәрігердің кезегінде отырған келіншек.

Бірінші неке

Біріншісінде енем сыйғызған жоқ. Ол кісіге ештеңе ұнамайтын. Небір қарғыс сөздерді айтып, мені тілдеумен болатын. Үнемі менің отбасымды және мені кекетіп отыратын. Жолдасыммен арадағы түсініспеушіліктің барлығы да  енемнің сөздерінен кейін болды. Шаршатып жіберді, шамаданымды жинап, ол жақтан біржола кеттім.

Екінші неке

Екінші рет тұрмыс құрғанымда бәрі жақсы болатын. Қатар табыс тауып, әжептәуір тұрып жаттық. Бірақ, ол баламды жатырқап жүрді. Өзі бала көрмегесін қалай ұстарын білмейтін шығар деп жұбаттым. Алайда, мен босанғаннан кейін де үлкен баламды жылатып тастайды. Ұрысып, тіпті, қол көтеретінді шығарды. Қолына түскен нәрсені жібере салады. Анамын ғой, екі баламен қайда барам десем де шыдай алмадым. Туғандарым қуып шықпас деп, ата-анама қайта келдім.

Үшінші неке

Екі баланы жетектеп, екі жылдай тағы жүрдім. Сөйтіп жүргенімде, жұмыстасым көңіл білдірді. Бірге болуға жүрексініп, біраз қорқасоқтап жүрдім. Балаларыма көмектесіп тұрды. Үйде келіні бар, оның балалары бар. Бірақ сыйысу оңай болған жоқ. Үйге келген зат бірінші соларға үлестіріледі. Қалса менің балама тиеді, қаламаса ол да жоқ. Олар да соған үйреніп, жасқаншақ болып кетті. Түңіле берген болмас, бақытты болармын деп онымен де бас қостым.

«Өзім секілді өмір көрген, ажырасқан азамат түсінісерміз» деген ой баяғы. Бес жылдай бірге тұрдық. Ренжісулер болды, бірақ кешіріммен қарадық. Бала туып бердім. Баласы мектепке баратын жылы онымен де ажырастым. Себебі, бұрыңғы әйелі күн бермейтін болды. Жолдасым да онымен біраздан бері жасырын кездесіп жүрген.

Бұрынғы әйелі үйге іздеп келетінді шығарды. Ол әйелден бе бір баласы бар. Оның  үстіне, жолдасым да ішіп алып мені ұратынды шығарды. Үш баламен қайда барамын деп, сол үйде жылап жүре бердім. Әлі де жүре беретін едім, күйеуім бір күнде  бүкіл баламмен далаға қуып шықты.

Бүгінде Ботакөз жалғызбасты ана атанғанына екі жыл болғанын айтады.

«Мына жердегі келіншектер бірінші күйеулеріңмен тұрасыңдар ма?» деді ол кенет басын көтеріп.

Әңгімесін екі-үш келіншек тыңдап отырған. Оқыс сауалға тосылып қалған олар күліп жатыр.

«Мен шынымен сұрап тұрмын. Егер бірінші күйеулерің болса, бастарыңды жарса да, содан айырылмаңдар. «Бірінші бақ - бақ» деген рас екен. Артық біреуді тауып алам деу - өзіңді тек алдау ғана. Біз әр еркекпен кездескен сайын өзімізді қорлай береміз. Мен өзімнен жиіркенемін. Менде қазір еркекке деген сезім жоқ, тек қажеттілік қана қалды. Әйелдің сұлулығы оның соры ғана. Әдемі қыздарды көрсем аяймын... Мен әлі де бақытты болғым келеді. Тоқал болып тисем де, өзіме қамқор болатын азаматты табамын»,-деген Ботакөз кезегі келген соң, дәрігер қабылдауына кіріп кетті.

Осы орайда, мешіт қызметкерлері тұрмыс құрған қыздарға мынадай кеңес берді.

«Қыз бала барған жеріне сіңуге тырысу керек. Сол жерді жақсы көру керек. Ол ертеңгі күні сол ауылдың ардақтысы болады. Сол әулетке ана болады. Сол ауылдың ардақты әжесі болады. Ал, өзіңнің туған үйіңде ондай қадірің болмайды. Туған ініңнің баласына да жай ғана "әпке"боласың. Сен жүз жасап өлсең де,  тумаларың біздің әпкеміз қайтыс болды деп айтады. Ал барған жеріңде күйеуіңнің отының басынан өрбіген бала-шаға, қайын іні «анамыз кетті» деп өкіріп жылайтын болады. Қазіргі қыздар соны түсінбейді. Сол себепті бірінше орында өз қайын жұртыңды ұстауың керек. Ал, өз жұртыңа дұғада бол.  «Ей, Аллаһым, мені өмірге әкелген әке-шешеме ұзақ өмір бере көр. Оларға жақсы қарттық бер, ата-анама жақсы қарайтын келін бер", -  деп тілесең қабыл болады. Себебі сен тұрмысқа шыққан күннен бастап, жолаушы рөліне кіресің. Сен барған жеріңе қашан сіңіп, сол әулеттің анасы болғанша, жолаушы рөлінде боласың. Жолаушының, ананың балаға деген, нақақтан нақақ жапа шеккен адамның тілегі қабыл болады»,- дейді бас молда  Жайылхан Әбдісаламов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/960758-ush-ret-turmysta-bolghan-ayel-qyz-kelinsh/

pixel