RU

Алматы шетінде қоқыстан тұрғызған жапаларда өмір сүріп жатқан 500 адам табылды

Бұрын-соңды «Қарға адам» дегенді естігеніңіз бар ма? Бізге де бұл атау аса ұнай қоймады. Сондықтан да жағымсыз лақап атты арқалап жүргендердің кім екенін білу мақсатында біраз жерді шарлап, сол азаматтардың өздерімен танысып көрдік.

NUR.KZ тілшілері сұрастырып жүріп, қарға адамдардың қайда тұрып, қалай жұмыс жасайтынын тапты. Олар көбінесе Алматы қаласының сыртындағы екі үлкен қоқыс полигонын паналайды екен.

Қалдық төгетін аймақ қатты күзетіледі, журналистердің кіруіне, тіпті тиым салынған. Сондықтан да біз қоқыс таситын көліктерге ауысып отырып, полигонның басынан бірақ шықтық. Полигонның іші кең, төбесі ашық болғанымен, таза ауа жоқ десе де болады. Ат шаптырым аумақтың бәрі қоқысқа толып жатқандықтан, иісі қолқаңды қауып, демалудан қаласың.

Әрбір 5 минут сайын мұнда қоқыс толы камаз келеді. Соны жүзге тарта адам күтіп алып, ақтаруда. Тіпті, кейбір құныққандары көліктің төбесіне шығып, қоқыстың ішінде бірге жүзіп жүр. Бет-ауыздарын тұмшалап алғандардың бір-екеуін сөзге тартқан едік қазақ тіліне шорқақ, шетелдік азамат екендіктерін айтты.

Гүлфайруз - Қырғызстан азаматы. "Мұнда семьямызбен тұрып жұмыс жасаймыз. Уақытша ғой", - деп мойындайды өзі.

"Күніне қанша ақша табасыздар?", - деген сауалға: "Болады сол. Жетеді ішіп-жегенге. Басқа ештеңе сұрамай-ақ қойыңыз. "Қожайын" ұрсады", - деді Гүлфайруз.

Полигон күзетшілері «қоқыс теретін азаматтар көрші ауылдан келген жергілікті тұрғындар» деп бой бермейді. Ал, олардың қожайыны жоқ. Өз еріктерімен келіп жеке басының қамы үшін жұмыс жасап жүр екен.

Мұнда төгілген қоқысты жұмысшылар өз командасына қарай бөліп алады. Бірі - пластмассалық бұйымдар мен шөлмектер, екіншісі - картон қағазы мен темір-терсек, ал үшінші топ өмірге керекті заттарды терумен айналысады.

Айтуларынша, Алматылық арнайы компания қызметкерлері келіп, бір қап толы пласмассаны жүз теңгеге сатып алады. Ал, картон қағаз теретіндер үшін күндік ақы бес жүз теңгеден жоғары төленеді. Металдарды да солай арзан бағаға өткізіп тұрады.

«Қарға адамдар» деген атты бұл азаматтарға қоқыс тасушылар қойған. Себебі, қара киіммен қоқысқа үймелеп, бір бөтелке үшін бір-бірін өлтіруге дейін баратын адамдардың ісін басқаша айту мүмкін емес дейді жүргізуші Ерлан.

«Қоқыс төгіп жатып қорқасың, біреуін басып кетем бе деп. Ал бұлар қалдық үшін өлуге бар. Қой деп айтып шаршадық. Араққа тойып алып, қолдарында пышақ, кетпен секілді темір қарумен жүреді. Бір-бірін аямайды. Қазір күн суытып, балалар көрінбейді. Жаз кезінде бір жасқа толған cәбиден бастап бәрі жүреді. Мына полигонның артына қоқыстан үй тұрғызып алған. Сонда қысы-жазы тұрады. Осында әйелдері туып жатады, кейбірі аурудан өліп жатады. Бірақ сыртқа шықпайды», - деді ол.

Расында да қоқыс терушілердің арасынан егде тартқандарды көре алмадық. Басым көпшілі - 20 мен 45 жас аралығындағылар.

Араға апта салып, Алматы облыстық көші-қон полиция қызметкерлерімен «қарға адамдар қалашығы» деп аталатын қоқыс полигонынан сәл арыда орналасқан мекенге келдік. Мұнда жүз елуден астам лашық тұр. Барлығы - киіз, палатка сынды материалдардың жұрнақтарымен жылыланып жасалынған.

Кейбірі құдды бір жатақхана секілді, бір-біріне жапсарласа салынған. Ешбірінде терезе жоқ, қоқыстан тұрғызылғандықтан, жапаларға кірудің өзі қорқынышты.

Тәртіп сақшыларының келетінін алдын-ала білген болу керек, тұрғындар түнделетіп үйлерін тастап қашып кеткен. Кейбірі - асыққандары сонша, кешкі астарын ішпеген, ал кейбірі - лашықтарын құлыптамаған да.

Мұнда да адамдарға еш жағдай жасалмаған. Тым құрымағанда қол жуатын таза су жоқ. Бірақ төрт жүзге тарта тұрғын бұл тауқыметке де көндігіп, тіршілік етеді.

Жалпы санитар мамандар қоқыс полигондарында қоқыс теруге рұқсат бермейді. Себебі, мұнда барлығы лас болғандықтан түрлі ауру жұқтырып, адамдар жазылмас дертке душар болуы мүмкін.

Сондықтан да заңсыз кәсіппен айналысатындардың көпшілігі екі қолына бір күрек таппағандар. Олар қақаған аязда да, аптап ыстықта да осы жабық алаңнан шықпай кәсіп етіп, жан бағуға мәжбүр.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/961366-qoqys-ustindegi-qala-turghyndary-qar.html