RU

Араб шейхы байлығын көрсетіп, мақтану үшін ОҚО тұрғынын тойына шақырды

Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнде он жылдан берi үлкен той өткiзу үрдiске айналған. Жер-жерлердегi салтанат бiр айға созылады екен. Сол мерекеге қатысу құрметi биыл елу қазақстандық азаматқа бұйырыпты. Соның бiрi Түркiстан қаласының тұрғыны деп жазады zamana.kz.

Тойға шақырту алған түркістандық Жанболат Сүйiнбаевтің айтуынша, тойға биыл Бахрейн, Марокко, Оман, Мысыр, Ауғанстан, Босния мен Герцеговина, Сауд Арабиясы елдерiнен қонақтар шақырылыпты. Осы тiзiмнiң қатарына бiрiншi рет Қазақстан азаматтары да қосылып отыр. Бұл сол елдегi елшi Қайрат Лама Шарифтiң араласуымен жүзеге асса керек. Алғашында төрт жүз адамның тiзiмi жасалып, оның сексенi елшiлiкте сұрыптаудан өткен. Шейхтың адамдары қарап шығып, тағы да отыз адамды сызып тастап, шақыртуды елу адамға берiптi.

"Жалпы, тойға қатысу құрметiне Оңтүстiктен үш адам ие болдық. Бұл тiзiмде менен басқа шымкенттiк ағаш бұйымдарын жасаушы Мұхтархан Әбрайымов пен киiз бұйымдарын жасап, гобелен тоқитын Раушан Бапанова бар", - дейді түркiстандық Жанболат Сүйiнбаев.

Абу-Дабиде өтетiн бұл тойды ұйымдастырушы – Халифа бен Зайд шейхтың қоры.

"Тойға құр қол бармауымыз керек қой, ұлттық қолөнер шеберi деп таныстырғандықтан өзiммен бiрге жасаған заттарымды алып кетпекшiмiн. Осы отыз күнде үлкен көрме ұйымдастырылады. Сол көрмеде аттың қолдан жасалған ер-тұрманынан бастап, неше түрлi әшекей бұйымдарды көрермен назарына ұсынбақшымын. Басты мақсат – Қазақстанда жасалған бұйымдарды дүниеге таныту мен тарату", - деп жалғастырды тұрғын.

Сүйiнбаевтың айтуынша, араб шейхы жер-жерден тұрғындарды тойына байлығын көрсету үшін шақыруда екен.

"Естуiмiзше, тойды бұл елдiң шейхы байлығын көрсету үшiн және шетелдегi жақсы нәрселердi елдерiне алдырып, танысу үшiн ұйымдастыратын секiлдi. Сан салалы болғандықтан бiр жерде көрме ұйымдастырылса, екiншi жерде басқа iс-шара өтедi екен. Бiр бұрышта шетелден келген аспаздар тағам дайындайды. Соған арнап тұрғызылған арнайы қалашық той тарқаған соң бұзылып тасталады деп естiдiк", - дейді Жанболат Сүйiнбаев.

Тұрғын таңдаудың неге оған түскенiн түсiндiруге тырысты.

"Неге мені таңдағанын бiлмеймiн. "Көп адамның iшiнен таңдау саған түстi, тойға дайындал" деген соң бара жатырмын. Негiзi мен жасаған бұйымдар бүгiнде Германия мен АҚШ-қа да кетiп жатыр. Сол жақтан келгендер естелiк ретiнде алып кетедi. Бәлкiм осы жағы ескерiлген болар. Жалпы, шейх жыл сайын тойға шақыра бермейдi, ал шақырған екен, барып, елiмiздi танытып келуiмiз керек қой", - деп түйді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/961833-arab-sheykhy-baylyghyn-korsetip-maqtanu.html