RU

Төрт жылдан берi түсiнде тек елбасын көретін ОҚО тұрғыны мұның мәнісін түс жорушылардан сұрап отыр

Үш-төрт жылдан берi түсiнде тек Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты көретін ОҚО-ның тұрғыны бұның мәнін түс жорушылардан сұрап отыр деп жазады zamana.kz.

Жасы 50-ден асқан Жақсылық Құлқаевтың айтуынша, бұған басында онша мән бермеген екен. Ал мұндай жағдай жиi қайталана берген соң ол түс жоритын жандардың пiкiрiн бiлгiсi келiптi.

«Бiздiң бала күнiмiзде Оймауытта қоржын үйiмiз болатын. Қазiр ол ескi үйден жұрнақ та қалмаған. Орнына еңселi, үлкен үй тұрғызылған. Неге екенi белгiсiз, менiң түсiме ылғи сол жерде болған қоржын там кiредi. Ылғи да түсiмде оның iшiнде Нұрсұлтан көкемiз жүредi", - дейді ол.

Жақсылық Құлқаев әрі қарай түсін жалғастырып айта келе:

"Бiрде түсiмде әлгi қоржын үйдiң төр жағында, аппақ төсек үстiнде басын құбылаға берiп президентiмiз жатқанын көрдiм. Үйдiң iшiнде адам көп екен деймiн. Ойнап жүрген бала-шағада есеп жоқ. «Шуламаңдар, көкеме тыныштық берiңдер!» – деп әлгiлердi қуып жүрмiн. Бiр кезде елбасы маған: «Жақсылық, осы сен немен айналысасың?» – деген сұрақ қойды. Мен оған: «Әскерге барып келдiм, содан берi боспын. Көлiк жүргiзуге құмармын», – деп жауап бердiм. Сол кезде көкем: «Онда мен саған су жаңа «жедел жәрдем» көлiгiн әперейiн. Сен сондай жұмыс iсте», – дедi. Осылай әңгiмелесiп жатыр екенбiз деймiн. Бiр кезде үйдiң iшiне үш адам кiрiп келдi де, ол кiсiнi: «Жұмысқа баратын уақытыңыз болды", – деп ертiп кеттi дейді Жақсылық Құлқаев.

Президентті үнемі түсінде көретін азамат әңгімесін жалғай отырып, екінші түсін де баяндады.

"Екiншi бiр түсiмде, Қазығұрт тауы екен деймiн, бiр таудың басына әрең дегенде өрмелеп шығыппын. Шықсам, ең басында елбасы мәрмәр тастың үстiне әлдененi жазып отыр екен. Менi көрiп: «Жақсылық, сен мұнда қалай шықтың? Бұл жерге анау-мынау адам шыға алмайды ғой?" – деп күлiмдеп қарап тұр дейді Құлқаев.

Өзiнiң айтуынша, Жақсылық Iзмаханұлы осыған ұқсас түстердi күн сайын көредi екен.

«Кейде мұның сырын түсiнбей басым қатады. Бiреулерге айтсам, келеке-мазақ етедi ме деп қорқамын. Өзiмше жақсылыққа балап қоямын. Туыстарым мен дос-жарандарымнан сыр суыртпақтап сұрастырсам, ешқайсысы түсiнде елбасыны көрмептi. Соған қарағанда, мұның өзi тегiн емес-ау деп қоямын. Егер түстi дұрыс жори бiлетiн адамдар болса, пiкiрлерiн естiгiм келедi», – деп ойын түйіндеді Құлқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/962173-tort-zhyldan-beri-tusinde-tek-elbasy-kore.html