RU

Жамбыл облысында дәрігерлер диагнозын дұрыс қоя алмаған сәби көз жұмды

Жамбылда жасқа жетпеген бала өлімі жұрттың наразылығын тудырды. Өйткені, облыстың бір ғана Жамбыл ауданында жыл басынан бері 16 сәби шетінеген. Тұрғындар бұған "дұрыс диагноз қою білмейді" деп,  дәрігерлерді айыптап отыр деп хабарлайды 31 арна.

Дертіне дауа іздеген жұрт Жамбыл аудандық ауруханасының ақхалаттыларына сенбейді. Дәрігерлер дәрменсіз дейді. Анығы науқасқа немқұрайлы қарайды, бір жастан енді асқан Құрманай Кенжетайды ажалдан арашалай алмады деп айыптайды.

"Аудандық дәрігерге қайта-қайта бардық. Ондағылар жақсы деп жібереді. Өкпесі таза дегенге шынымен сендік. Сол кезде рентгенге түсірген қиын ба еді? Сегізі түскен баланы он біріне дейін ұстады", - дейді марқұм Құрманай Кенжетайдың әжесі Құралай Көшекова.

Немерем аудандық ауруханада алты күн жатқанымен ақхалаттылар диагнозын дәл таппай уақыт создырды дейді. Жақындарының айтуынша, ауруы асқынған баланы амалсыз қалаға жібергенде барлығы кеш болған. Өкпесі қабынған сәбидің жүрегі екі есе ұлғайып,  бауыры да үлкейіп кеткен дейді анасы.

"Дәрігерлердің кесірінен. Салғырттығынан. Еш қандай көмектің көрсетілмегенінен. Мейлі бір аптада барлығын анықтап білсе болады ғой", - дейді марқұм сәбидің анасы Нұрсұлу Сапақова.

Жасқа жетпей аяғы мен тілі қатар шыққан Құрманайды құтқара алмаған дәрігерлерді ендігі жерде жақындары сотқа бермек. Дер кезінде диагнозын дәл таппай дал болған дәрігерлер науқасқа немкетті ниет танытты дейді баланың туыстары. Ал ақхалаттылар бұл мәселені ушықтырмай жылы жауып қоюдың жолдарын да ұсынып келгенін айтады.

Қазір бұл іспен құзырлы орган қызметкерлері айналысуда. Ал аудандық аурухананың бас дәрігері бар кінәрәтті өздерінен ысырып,  ауылдық фельдшерге аудара салды дейді ауылдықтар. Бірақ ұзақ жыл елдімекендегі елге ем-дом жасаған фельшерге тұрғындардың артар айыбы жоқ. Қолдау ниетінде тұрғындар түгел жиналып, фельдшерді қалдыруды талап етті. Ал даулы іске қатысты бас дәрігердің жауабы қысқа болды.

"Өкінішке орай бүгінгі таңда науқасқа жүргізілген ем туралы не қандай сырқат болғаны туралы айта алмаймын. Ата-аналары құзырлы органдарға арыз жазды. Сол себепті бұл жерде қандайда жауап беру ақылға қонымсыз деп ойлаймын", - дейді Жамбыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Алтай Саурықов.

Құмтиын ауылының тұрғындары фельдшерді орнында қалдыруды сұрап,  денсаулық басқармасына дейін баруға бар. Бар айып аудандық ауруханада дейді. Ал баланың неден қаза тапқаны сот-медициналық сараптамасының нәтижесінен соң белгілі болмақ. Айта кетейік бір ғана Жамбыл ауданында соңғы екі жылдың өзінде бір жасқа дейінгі шетінеген бала саны 32-ге жеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/962430-zhambyl-oblysynda-darigerler-durys-di.html