RU

Қазақстан атауын өзгерту тағы да ұсынылды

Жақында қазақстандық заңгер Жангелді Сүлейменов «Қазақстан» атауының орыс тіліндегі нұсқасын өзгертуді ұсынған. Заңгер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында  мемлекеттің атауы ресми тілде қате жазылып жүргендігін айтып, мәселе көтерген. Бұл туралы NUR.KZ сайты хабарлады деп жазады Abai.kz.

Қазақстандық заңгер Жангелді Сүлейменовтің (суретте) айтуынша, мемлекеттің қазақ тіліндегі «Қазақстан» деген атауы, қазіргі таңда «Казахстан» деп аударылып жүр. Сондай-ақ, төлқұжаттағы латын тіліндегі аударма да оңып тұрғаны шамалы.

Заңгер өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында да мемлекеттің атауын «х» әрпі арқылы қате жазып жүргенімізді жазған.

«Қазақстан» деген сөз «Казахстан» деп аударылмайды ғой негізі, дұрысы – «Казакстан» болуы керек. Конституцияда мемлекеттің атауы қазақ тілінде «Қазақстан», орыс тілінде – «Казахстан» деп жазылған. Тарихқа қарасаңыз, 1925 жылы біздің мемлекетіміздің атауы Қырғыз республикасынан Қазақ республикасы болып ауысты. Яғни, ол кезде біздің атауымыз орыс тілінде «Казакстан» болған. Ал 1936 жылы қазақтардың өздері қалап, орыс тіліндегі мемлекеттің атауын – «Казах» деп өзгерттік», - дейді Сүлейменов.

Сондай-ақ, заңгер бұл өзгертулер ешқандай шығынды қажет етпейтінін айтқан.

«Қазақстан атауын «Казакстан» деп өзгерту үшін мемлекеттен бір тиын да шығын шығармаудың жолы – кезең-кезеңмен көшу. Бұл кезеңдер ішінде мемлекеттің «Казахстан» атауы балама түрде жүре береді. Ал айналдырған 15 жылдың ішінде мемлекеттің барлық құжаттары жаңа атауға көшіп бітеді», - дейді Жангелді Сүлейменов.

Ал жеке құжаттар мен төлқұжаттарға қатысты заңгердің ойы мынандай:

«Қазір біреулер айтады, қарсы болады т.с.с. Біреулері «мұны талқылайтын уақыт емес» деуі де мүмкін. Бірақ, жеке мен үшін бұл өте маңызды. Мен үшін, мемлекетім мен ұлтымның атауы қате айтылмағаны маңызды. Мен жеке құжатымда, ұлты деген жерде – «Казак» деп жазылып тұрғанын қалаймын», - дейді ол.

Сонымен қатар, Жангелді Сүлейменовтің мемлекет атауының ағылшын тіліндегі (латын қаріптегі) жазылуына да көңілі толмайды екен. Оның пікірінше төлқұжаттағы мемлекеттің атауы – орыс тіліндегі атаудан аударылған.

«Kazakhstan деп жазылған. Неге Kazakstan емес? Неге паспорттағы атау орыс тілінен аударылған? Неге қазақ тілінен аударылмаған?», - дейді заңгер.

Егемендікке қол жеткізген ширек ғасырдың ішінде Қазақстанның атауын өзгерту туралы бірнеше бастама көтерілгені белгілі.

2013 жылы қазақстандық белсенділер еліміздің атауын өзгерту туралы ұсыныс жасаған. Ол кезде белсенділер «стан» деген жалғауды алып тастауды, оның орнына «Қазақ елі (республикасы)» немесе «Қазақ Ордасы» деп өзгерту керек деген еді.

Мысалы, 2014 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» атауын «стан» жалғауымен аяқталатын Орта Азияның өзге елдерінен айрықшалап көрсету үшін «Қазақ елі» деп өзгертуді ұсынған болатын.

Мемлекеттің атауы тартысқа түскен уақытта қоғам белсенділері де пікірлерін білдірген. Мысалы,  Мұхтар Тайжан мырза республиканың атын өзгертуге қатысты «Қазақ Елі - құптаймын! Ағылшынша – Qazaq болуы керек деп санаймын, Kazakh емес» деген пікір білдірген. Ал әлеуметтік желі тұтынушылары «Жалпы халықаралық аренада да мемлекеттің атауы Kazakhstan емес, "Republic of Qazaq" деп жазылу керек. Себебі қазақтың "Қ" әрпі ағылшыншаға аударылғанда "Q" әрпімен жазылады. Мысалы "Quran", "Qatar" ...», - дейді.

Алайда, шындығына келгенде мемлекетіміздің қазіргі атауы халықаралық тәжиребеге сәйкес емес. Және мәселе президент ұсынысына арқау болған Монғолиямен мүлдем шектелмейді. Әлемнің қай елін алып қарасаңыз да, барлығының атауы мемлкет құраушы ұлттың негізінде қойылған: Италия, Франция, Қытай, Жапония, Иран, Бразилия, т.б.

Әлбетте, аталған елдерде байырғы халқымен қатар басқа ұлттың өкілдері тұратыны белгілі. Бірақ жергілікті заңдарды мойындау, тұрғылықты елдің мемлекеттік тілін меңгеру, мемлекет құраушы халықтың тарихын, мәдениетін, ділін білу мен құрметтеу негізінде олар да тиісті елдердің толыққанды азаматтары, яғни француз, италиян, қытай, ирандық, бразилиялық болып саналады және өздерін солай сезінеді. Сәйкесінше бұндай ортақтастығы арқылы мемлекетшілдігін дәлелдейді. Демек, заң, тіл, мәдениет, басқа мемлкет құраушылар тізімінде маңызды орынға сол мемлекет атауы да ие.

Осы тұста, байқасаңыздар, қазақпен, оның тілі мен дәстүрімен санаспайтындар, кезінде қонақ боп, не бас сауғалап келген елдің қожайынын менсінбейтіндер Қазақстан атауын өздігінше бұрмалауға дағдыланған. Мәселен, біз қазақ емеспіз, біз "қазақстандықпыз" деуін атап айтсақ болады. Алайда, тарихта “қазақстандық” деген ұлт болмаған, болмайды да.

Мемлекеттің атауы «қате» жазылғаны мен оны әркімнің өзінше бұрмалауы ширек ғасырдан астам уақыт билік креслосында отырған ақ дамбалды, қара жамаулылардың бей-жайлығының көрінісі болса керек. Осы бассыздықтарға жауап берер шенділер табылар ма?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/962513-qazaqstan-atauyn-ozgertu-taghy-da-usyn.html