RU

Ақтөбе облысында үсті үнемі кір-қожалақ болып жүретін әкім ұятқа қалды (фото)

Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарасты Қызылжар ауылының əкімдік ғимаратына ту ілінбеген, рəміздерден жұрдай. Ауыл əкімі кір-қожалақ болып жүріп, өзіне қарсы келгендерді полиция шақырып, сотқа беріп қорқытқан.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Ар-ұяттан жұрдай əкім тəртіптік кеңесте тағылған айыптардан ақталумен болды.

Қызылжар ауылдық оуругының əкімі Əлібек Нəкеш жұмыс сұрап келген тұрғындармен балағаттасып, əлі жетпегесін полиция шақырып, масқара болды.

Оқиға 22 қазанда тіркелген. Жұмыс сұрап келген үшінші топ мүгедегі Ботбаев есімді азамат əкіммен сөзге келісіп қалады.  Тұрмыс қиындығынан жұмыс таба алмай ашынған тұрғын мен басынан сөз асып,  намысына тиген əкім балағат сөздің түрін айтады.

Соңында ауыл басшысы əкімдігін көрсетіп, әкімдікке полиция шақырған. Үстінен шағым жазып, тұрғынды полицияға ертіп жіберген. Кейін əкім мен тұрғын соттасты. Екеуі де кінəлі болып танылып, 10 АЕК айыппұл төледі.

Бұл оқиғадан кейін ауылды шулатқан əкімдікке сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қызметкерлері тексеріске барады.

Ауылға барған мамандар жағасын ұстап келді. Шалғай жатқан елдімекендегі əкімдік ғимараты көк байрақсыз жетімсіреп тұр.  Ал əкімнің үсті лас,  киімі кір.

Бірақ, тəртіптік кеңесте айтылған сынның бəріне əкім ақталуға сөз тапты.

"Ғимарат төбесіндегі тудың ескіргендігіне байланысты сол күні жаңартуға шешкен едік. Тек галстук тақпағандығым болмаса, киімім таза болды. Тұрғынды сабырға шақыру қиын болғандықтан полиция шақырдым,- деп ақталды Қызылжар ауылдық округының əкімі Əлібек Нəкеш.

Тəртіптік кеңес төрағасының ұсынысымен  əкімге қатаң сөгіс берілді. Бұл оның құлағының соңғы "бұралуы". Ауылдастарымен енді балағаттасатын болса, орнын босатады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/963193-aqtobe-oblysynda-usti-unemi-kir-qozhal.html