RU

Жақсылық Үшкемпіров жас балуанға ырымдап жейдесін тарту етті (фото)

Қазақ палуаны Жақсылық Үшкемпіров ақтөбелік палуанға жарыста киген киімін сыйға тартты. Аты аңызға айналған палуаннан сый алған Мейрамбек Айнақұлов грек-рим күресінен екі мәрте әлем чемпионы деп хабарлайды Керек-инфо.

Ақтөбеде 5 қараша күні ерлер және әйелдер күресінен Қазақстан кубогы басталды. Дүбірлі дода 29 жасында Мәскеуде олимп шыңын бағындырған Жақсылық Үшкемпіров жеңісінің 35 жылдығына арналды. Оған Қазақстанның 14 облысы мен Алматы, Астана қалаларының командалары қатысты.

Боз кілемдегі белдесуді тама-шалауға Жақсылық Үшкемпіров арнайы келіп қатысты. Даңқты палуан жас кезінде киген жейдесін көпшіліктің алдында ақтөбелік Мейрамбек Айнақұловқа сыйға тартты. Мейрамбек – екі мәрте әлем чемпионы атанған жас палуан.

"Осыдан біраз жыл бұрын жарыста киген киімімді Дәулет Тұрлыхановқа ұсынған едім. Менің берген батам шығар, содан кейін бірнеше дүркін чемпион атанды. Грек-рим күресінен әлем чемпионы, КСРО жеті дүркін жеңімпазы, олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Міне, екінші жейдемді жас та болса спорттың шыңын бағындырып жүрген Мейрамбек Айнақұловқа сыйға тартамын. Қазақтың атын әлемге таныта түсетін жеңістерің көп болсын. Болашағы бар баласың. Менің жолымды саған берсін",-деді Жақсылық Үшкемпіров.

“Керек. info” тілшісіне Мейрамбек Айнақұлов күтпеген сыйға қатты қуанып әрі таң қалғанын айтты. Айтуынша, әлі күнге дейін не өңі, не түсі екенін білмей жүр.

"Қазақ спортының тарихында шоқтығы биік тұлға - Жақсылық Үшкемпіровтің жейдесін аламын деп ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. Сонымен қатар маған өзінің өмірбаяны жазылған кітабын да тарту етті. Бұдан былай ең құнды нәрсем осы екеуі болмақ. Мұндай бақыт кез келген палуанға бұйырмайды",-дейді Мейрамбек Айнақұлов.

Грек- рим күресінен екі мәрте әлем чемпионы, ересектер арасындағы Қазақстанның екі мәрте чемпионы Мейрамбек Айнақұлов қараша айының ортасына таман Белоруссияда өтетін жарысқа қатысады. Дайындықты бастап та кеткен. Спортшы “әлемнің қай қиырында жүрсем де Үшкемпіровтің жейдесін жанымнан бір елі тастамаймын” деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/963369-zhaqsylyq-ushkempirov-zhas-baluangha-yry.html