RU

Ақтөбеде туылған үшемдерді перзентханадан шенеуніктер шығарып алды

Ақтөбе қаласындағы облыстық ауруханада осыдан бір ай бұрын үшем дүниеге келген болатын. Қазан айының 25-і күні жарық дүние есігін ашқан сәбилерді бүгін қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева перзентханадан шығарып алды.

Орынбасар мен Іңкәр Көбеновтер отбасы бүгін перзентханаға түгел жиналды. Олар Қайсар, Санжан, Ясмин есімді үшемді қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева шығарып алып, оларға үш кереует пен киім-кешек жинайтын жиһазды сыйға тарту етті.

«Балаларға ұзақ ғұмыр тілеймін. Еліміздің азаматы болсын»,- деді Арынғазиева.

Айта кетейік, 33 апталық болып туған нәрестелер қазір салмақ жинап, өмірге бейімделген. Көпбалалы ана үй шаруашылығымен айналысып, балаларына күтім жасайды. Ал жолдасы Орынбасар көлік жүргізушісі. Әзірге пәтер жалдап тұрып жатыр. Ата-әжелерінің қуанышында да шек жоқ. Өйткені, үй бүлдіршіндердің сыңғырына толатын болды.

«Қуанышымызда шек жоқ. Алланың берген сыйы, барлығына рахмет айтамыз»,- дейді үшемнің атасы Алмас Жабағин.

Еске салсақ, Ақтөбе қаласында үшем дүниеге келді. Көбеновтер отбасында Қайсар, Санжар, Ясмин есімді екі ұл, бір қыз жарық дүние есігін ашты.

27 жастағы жас ана Іңкәр Көбенова үшемді мерзімінен бұрын босанған. Қазір нәрестелер мен оның анасының денсаулығы жақсы. Бәрі де дәрігерлердің бақылауында.

«Балалар алты апта бұрын туды. Олардың салмағы 1500, 1800, 1900 грамм. Сондықтан бір апта бойы дәрігердің бақылауында болып, үнемі денсаулықтары тексеріліп тұрады. Әрі анаға қамқорлық, көмек керек. Қазір бәрінің де жағдайы жақсы. Балалар салмақ жинап, өмірге бейімделіп жатыр»,- дейді облыстық перзентхана бөлімінің меңгерушісі Наргүл Қалиева.

Жас отбасы бір күнде екі ұл, бір қыздың ата-анасына айналып шыға келді.

«Үш балам бар. Мынау Алла Тағаланың берген сыйы. Біз бір күнде көпбалалы отбасыға айналып, мәз болып жүрміз. Қуанышымызда шек жоқ»,- дейді жас ана.

Өзі үй шаруашылығымен айналысып, балаларына күтім жасайды. Ал жолдасы жүргізуші. Табиғи жолмен өмірге келген балалардың анасы Іңкәрдің айтуынша, олардың ата-бабасында үшемдер бар екен.

Айта кетейік, биыл Ақтөбе облысында екінші үшем дүниеге келді. Ал облыстық перзентханаларда ай сайын егіздер өмірге келеді екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/963669-aqtobede-tuylghan-ushemderdi-perzentkh.html