RU

Танымал футболшы Еміл Кенжесариев ауыр соққыдан кейінгі жағдайымен бөлісті (фото, видео)

Осыдан 2 жыл бұрын белгісіз біреулер ұрып кеткен соң, ауыр халде жансақтау бөліміне түскен  танымал футболшы Еміл Кенжесариев жақында Қазақстанға келіп кетті.

Бұл туралы sports.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Естеріңізде болса, 2013 жылдың тамыз айында Қазақстан премьер-лигасында сәтті өнер көрсетіп, «Ақтөбе» клубының намысын қорғап жүрген Еміл Кенжесариевті Алматы көшелерінің бірінен ес-түссіз күйінде тапқан болатын.

Жанкүйерлерді дүр сілкіндірген бұл жаңалықтан соң, еліміздегі футболсүйер қауым Емілдің амандығын тілеп, ғаламтор арқылы оның тез сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Қырғызстан футболының түлегі бола тұра, Қазақстанда жүріп танымалдыққа ие болған Еміл Кенжесариев аталған қайғылы оқиғадан соң ес жиып, аяғына тұрды. Жақында «Ақтөбе» клубының капитаны Юрий Логвиненконың үйлену тойында қонақ болған Еміл жанкүйерлермен жүздесіп, өзінің аман қалғаны үшін Аллаға шүкіршілік ететінін айтқан.

«Ақтөбе» жанкүйерлері де Емілді сағынып қалғандарын айтып, жылы құшақпен қарсы алды.

Ал Еміл болса, өлім мен өмірдің арасында жатқан сәтте өзіне қол ұшын созған Самат Сымақов, Ұлықбек Асанбаев, Петр Бадло, Марат Хайруллин, Юрий Логвиненко секілді футболшыларға өзінің шексіз алғысын білдірген.

Гормональлды дәрі-дәрмектерді көп ішкен соң, бұрынғы футболшы біраз толықсып кеткен. Өз сұхбатында ол екі жыл бірге тұрған келіншегімен қайғылы оқиғадан соң ажырасқанын да айтады.

Бүгінде ем қабылдап жүрген Еміл Қырғызстанда әжесімен бірге тұрып жатыр және жақын арада салмақ тастап, қалыпқа келуді мақсат еткен. Ол өзіне қолдау көрсеткен Қазақстандағы жанкүйерлеріне де алғыс айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/964006-tanymal-futbolshy-emil-kenzhesariev-au.html