RU

МС Сайлаубекті ұлт үшін отқа түскен Махамбет, Міржақып Дулатовтармен қатар қойғаны дұрыс па?

Соңғы уақыттары сауықшыл жұрттың назары Атыраудан шыққан Сайлаубекке ауып тұр. "Сайлаубек жайында сөз шығындау ойында болмаған" танымал отандық журналист Нұрлан Жұмахан таяуда әлеуметтік желілерге тарап кеткен постқа бола еріксіз қолына қалам алғанын айтады.

Бұл туралы dalanews.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

"Сайлаубек жайында не айтуға болады? Ойлана келе, Сайлаубекке «рахмет айту керек» деген тоқтамға келдім. Өйткені, ол біздің қоғамның қаншалықты рухани деградацияға түскенін қолмен қойғандай көрсетіп берді. Қазір доллардың күн сайын өсіп бара жатқаны көпшілігімізді (әсіресе жастарды) ойландырмайды. Оның есесіне Сайлаубектің түсініксіз әрбір әнсымағын асыға күтеміз. Түсініксіз тілде айтылған ессіз әнді жастар ұялы телефондарына жүктеп алып, мәз-мейрам болып тыңдаймыз. Болмашы әнге елітіп, билеген жастардан не күтуге болады? Ештеңе", - деп мақаласын бастады  «Дала мен Қала» газетінде журналистер тобын басқарушы Нұрлан Жұмахан.

Автордың ойынша, ел мүддесі үшін жанын пида еткен азаматтармен Сайлаубекті қатар қою - ұлтқа қарсы жасалған қылмыс.

"Енді әлгі әлеуметтік желіде қолдан-қолға таралып кеткен пост суретке келсек. Фотода Сайлаубекті ұлт үшін отқа түскен Махамбет, Міржақып Дулатовтармен қатар қойғаны шымбайымызға шоқ түсіргендей болды. Ел мүддесі үшін жанын пида еткен азаматтармен Сайлаубекті қатар қою бұл ұлтқа қарсы жасалған қылмыс, үлкен қиянат деп қабылдаған жөн шығар. Бірақ біздер бұл пост-суретті жерден жеті қоян тапқандай қолдан-қолға тартып мәз болдық", - дейді Жұмахан.

Ол бұл пост-суретті пиғылы жаман топтар әдейі ұйымдастырып, таратқан деген болжам жасап отыр.

"Меніңше, бұл пост-суретті пиғылы жаман топтар әдейі ұйымдастырып, бұған қазақтардың қандай реакция беретінін білу үшін әлеуметтік желіге әдейі таратып жіберуі мүмкін. Әйтпесе есі дұрыс адам Сайлаубекті ұлтшыл-патриот азаматтармен қатар қойып, қазіргі қоғамның тамыр соғысын байқап көруге әрекеттенбесі анық. Пост-суретті кім жасаса да, қазақ қоғамына қатысты біраз жайттың бетін ашып тастады. Бүгінде сауықшыл, әнқұмар, мемлекетпен ісі жоқ жастар ойын біліп, талай адам шошып отырғаны анық", - деп жалғастырды автор.

Отандық журналист жастардың Сайлаубекті жұлдыз етуіне отандық телеарналар көп «еңбек» сіңіргенін алға тартты.

"Қазақ жастарының (орыстілді жастар Сайлаубекке мән бермейді) осындай ойсыз, жігерсіз, ынжық, сауықшыл деңгейге түсуіне отандық телеарналар көп «еңбек» сіңіргенін мойындауымыз керек. Рейтинг қуған телеарналар шетелдің сериалдары мен сауықтық бағдарламаларды көрсетуді күн сайын үдетуде. Тұщынып көретін бір телеарна қалған жоқ. Саптаяқтың басына қарауыл қойған Кеңес заманында қазақ телевизиясы бұлайша құлдырамаған еді. Қазір кеңес заманындағыдай цензура жоқ. Бірақ телеарналар қоғамдық-саяси тақырыптарды айналып өтуде. Неліктен? Өйткені телеарналарда жібі түзу журналистердің бәрі кетіп қалған. Қазіргі заманның бейнесін әнші-әртістер қалыптастырып жатыр. Алдағы бір жылда қазақ телеарнасының арқасында Сайлаубек еріккен жастарының «ермегіне» айналатыны сөзсіз. Күні кеше ғана «Айтуға оңай» бірінші болып Сайлаубекке төрден орын беріп, әңгімесін тыңдап, рейтингісін бір көтеріп тастағанына куә болдық. Енді басқа бір арна оны басқа қырынан көрсетуге жанын салып жатқаны анық", - деп ренішін білдірді ол.

Автор қазіргі қазақ қоғамы Сайлаубекті көріп, мәз-мейрам болып жатқанын құптамайтынын ашық айтуда.

"Қазіргі қазақ қоғамы айнаға қарап, Сайлаубекті көріп, мәз-мейрам болып жатыр… Мереке-думанымыз қашанға дейін жалғасатынын бір Құдай білер. Сол айна қашан күлпаршасы шығып шағылады екен. Сол күнді асыға күтудемін", - деп ойын түйді Нұрлан Жұмахан..

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/964372-ms-saylaubekti-ult-ushin-otqa-tusken-ma.html