RU

Ақтөбедегі Білім саласының басшысы жемқорлық туралы айтқанда, жылап жіберді

«Ақтөбеде мемлекеттің миллиондаған қаржысын Білім саласы жымқырды. Үш жылда осы саладағы 92 қызметкер істі болған. Білім басқармасы басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалу керек еді» деген Агенттік басшысының сөзінен сескеніп қалса керек, басқарма басшысы Жанат Самұратованың көңілі босады.

Бұл туралы аймақтағы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Мәслихат отырысында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басшысы Қайрат Сүнтаев білім саласына шүйлікті. Былыққа батып отырған сала басшысының әрекетіне көңілі толмайтынын көптің алдында ашып айтты.

«Білім саласы басшыларын тәртіптік кеңеске де тарттық. Облыстық білім басқармасы басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалу керек болатын. Оның себебі жоқ емес. Соңғы үш жылда 92 қызметкер сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық жауапқа тартылған.  Жүздеген миллион ақша желінді. Ал, басшылар әлі отыр. Бұл туралы облыс әкімімен де сөйлестім. Мұндай жағдайда ол қызметтегі адам отырмай, кету керек.  Бірақ жыл соңында біз бұл сұрақты қайта көтереміз», - деген Сүнтаев жағдайды  «білімді» басшыларға түсіндіріп айтқандай болды.

Бірақ оны басқарма басшысы түсінбегенге ұқсайды. Агенттік басшысының сынынан кейін ақталу үшін тілшілерді жинаған басшы «мен өзім ақпын» деп ақтала бастады.

«Облыстық басқарма аппаратына жемқорлыққа тек бір ғана дерек қатысты. Қалғандары аудандар мен қалалардың еншісінде.  Биыл облыстағы білім саласында 12 сыбайлас жемқорлыққа қатысты дерек тіркелді.  Оның 50 пайызы мемлекеттік сатып алуға байланысты»,- деген Самұратова өзінің облыстық басқарманы басқарып отырғанын ұмытып кетсе керек. Қылмыстар аудандар мен қалада тіркелді деп жайбарақат отыр.

«Біздің жүргізіп отырған жұмысымыз ауқымды. Әрине басшының айтқан сөздері қынжылтады. Негізі Агенттік басшысы айтқан қылмыстық  оқиғалардың денін өзіміз ашып бердік. Ол 2005 жылы басталған ұрлық. Біз соны өзіміз ортаға салдық. Енді, өзіміздің басымызға сендер кінәлісіңдер деп қойды. Шынын айтқанда, мемлекет қаржысының ұрланғанын білім саласының өзі анықтап отыр. Оны жасырып, көрсетпеген де дұрыс па еді», -деп күлген басшының ызадан не мысқылмен күлгені түсініксіз.

Мәслихат үстінде «Соңында сұхбат берем, ешқайда кетіп қалмаңыздар» деп тілшілерге хабарландыру таратқан облыстық білім басқармасының басшысы Жанат  Самұратова отырыстан соң бірден хабарландыру жасады.

«Осы уақытқа дейін менің орынбасарым болып келген Максим Чаркин 23 қарашадан бастап жұмыстан босайды. Менің қатысым жоқ, ол өз еркімен жұмыстан босады. Оны жұмыстан шықты деп жариялай берсеңіздер болады», - деп сүйіншілеп хабарлаған басшының қуанып, не қайғырып тұрғаны түсініксіз.

"Қиын, бірақ, маған осы жұмыс ұнайды. Білім саласы үлкен сала. Өзім осы жүйеге біраз жаңалық енгіздім. Оны әрі қарай жалғастыруым үшін әлі жұмыс жасауым керек деп ойлаймын.  Мен өмірімде... Ата-анам да оқытушы болған. Солардың құрметі үшін ешқандай заң бұзушылыққа өзім барған емеспін",- деген басшының көңілі босап сала берді.

Ақтөбеде жолдамасы жоқ 20 бала балабақшада жүр. Қарапайым, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне жолдама беру кезінде заңсыздық көп орын алған. Тәртіп бойынша, кезекке тұрмаған балалар балабақшада қабылданыпты. Мұны да Агенттік басшысы айтты.

«Қысқа мерзімдегі тексеру кезінде кезексіз балабақшаға жолдама алған 20 дерек анықталды. Мұндай оқиға бұдан да көп болуы мүмкін.  Бұл дегеніңіз білім бөлімі жүйеде сыбайлас жемқолыққа жол беріп отыр деген сөз. Ақтөбе облысында балабақша кезегінде 38 мың бала кезекте тұр деген ақпарат тарап жатыр. Бұл кезек қозғалмайды. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ»,- дейді Сүнтаев.

Ал, басқарма басшысы бұл туралы білмейтін болып шықты. «20 бала? Бұл қалай?» деп аң-таң.

«Мен де бұл туралы енді естідім. Қараймын, тексеремін.  Бұл жерде шара қолданатын мен емес. Енді жағдайды баяндап, білім бөлімі басшысының үстінен облыс әкіміне шағым түсіретін боламын. Оның үстіне білім бөліміне қатысты бізге келіп түскен шағым бар. Оны енді облыс әкімі шешетін болады»,- дейді Самұратова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/964912-aqtobedegi-bilim-salasynynh-basshysy-zh.html