RU

Қазақстанда 465 мыңға жуық адам кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр

Бүгінде доллар шарықтап, теңге құнсызданып жатқанда қарапайым халық үшін мемлекеттің қорғауы қаншалықты жүзеге асып отырғанын Қазақстан-Заман басылымы зерделеп көрді.

Қыркүйек айында ресми статистика 465 мыңға жуық қазақстандықтың кедейшілік шегінде өмір сүретінін жариялады, олар — ай сайын ең аз күнкөріс деңгейінен (21 364 теңге) төмен табыс табатындар. Оның 346 мыңнан астамы ауылда тұрады, қаладағылардан 4 еседей көп деп жазады. Бұған қазіргі экономикалық дағдарыс, теңгенің құнсыздануы салдарынан күн сайын шарықтап бара жатқан қымбатшылықты қоссақ, онсыз да жұмыссыз әрі көпшілігі баспанасыз халықтың жағдайы нашарлай түспек. Әлбетте, кез келген экономикалық қиыншылық кезінде ең алдымен қатардағы қауымның тұрмыс жағдайы төмендейді. Ал республика бойынша орташа жалақы көрсеткіші — 118 638 теңге.

Бұл арада «Самұрық-Қазына» топ-менеджерлері тәрізді 1,5 миллиондық жалақы алатындардың таразы басын тартып тұрғаны анық. Алайда орташа жалақы іспетті жалпылама әрі жасанды көрсеткіштер кедейлік шегіндегі жүз мыңдаған тұрғындар мен миллиондап жалақы алатын бірнеше жүз қызметкерлердің әлеуметтік жағдайының өлшемі бола алмайтынын бүгінгі бастан кешіп отырған дағдарыс ашып-жайып көрсетіп берді. Бұл бір мемлекетте өмір сүретін азаматтардың жік-жікке бөлінуін, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті одан әрі тереңдете түсуде.

Жалпы, қазіргі қазақстандықтардың әлеуметтік құрамы біркелкі емес: байлар — 12%, орташа — 20%, кедейлер — 50% (бейресми дерек). Мемлекеттің тірегі орта тап десек те, олардың үлесі әлі тым төмен. Ал осы халықтың жартысынан астамы, яғни кедейлік шегінде өмір сүріп отырған миллиондаған адам мемлекет тарапынан көмекке мұқтаж. Мұндай әлеуметтік қорғау қызметін пайдалану біздің Конституциямыздың 28-бабында кепілдендірілген. Мемлекет өз азаматтарының еңбекке қабілеттілігін жоғалтуы немесе асыраушысынан айырылуы, қарттық, бала күтімі, уақытша жұмыссыздық жағдайларында арнайы әлеуметтік көмек көрсетеді. Олай болса, мемлекеттің қорғауы қаншалықты жүзеге асып отырғанына зер салайық.

Әлеуметтік жәрдемақы: Кімдер және қалай алады?

Таяуда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі республикада әлеуметтік жәрдем жаңа форматқа көшетіні туралы мәлімдеді. Министр ханымның айтуынша, парламент мәжілісі мақұлдаған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы әлеуметтік салаға екі маңызды өзгеріс енгізеді. Біріншісі — әлеуметтік төлемдерге қолжетімділікті арттыру. Екіншісі — аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейту. Яғни бірінші өзгеріс тиісті санаттағы азаматтардың әлеуметтік көмекке қол жеткізуін жеңілдетеді немесе құжат жинау үдерісін оңайлатады. Елімізде мүгедек және мүмкіндігі шектеулі азаматтар бұған дейін мүгедектігі жөнінде кепілдендірілген және арнаулы әлеуметтік жәрдемақылар үшін екі бөлек құжаттар өткізуге тиіс болса, алдағы уақытта осы екеуі қосылып, бір ғана жәрдемақы тағайындалады және құжаттар тізімі де соған сәйкестенеді. Бұл мемлекет кепілдендірген біртұтас жәрдемақы да бұрынғыша айлық есептік көрсеткіш негізінде есептеледі. Қазір көп балалы аналар жинап жүрген үш пакет құжаттар арқылы үш түрлі жәрдемақы алу жүйесі де біртұтас жәрдемақыға айналады.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап адрестік әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы күнкөріс шегінің 50 пайызынан төмен (21 364 теңгенің жартысы 10500 теңге) болған жағдайда ғана көрсетіледі. 2015 жылы адрестік әлеуметтік көмектің көлемі өсіп, төменгі күнкөріс шегінің 60%-ына жеткізілді: 12 800 теңге. Оның өзінде бір шартпен: көпбалалы отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың, аз қамтылған отбасыларға арнаған арнаулы балалар жәрдемақыларының, аз қамтылған үй шаруашылығына арналған адрестік әлеуметтік көмектің орнына отбасындағы еңбекке қабілетті адамдар жұмысқа қамтудың белсенді шараларына міндетті түрде қатысу ұсынылады. Яғни жергілікті жерлердегі әлеуметтік қамту бөлімдеріне сол елді мекендегі жұмыс берушілер өздеріндегі бос жұмыс орындары туралы мәлімет беріп отырады. Ал аталған бөлім қызметкерлері осы жұмыс орындарына жәрдемақыға мұқтаж отбасындағы еңбекке қабілетті адамдарды тартуы қажет. Алайда бұл жұмыс орындары уақытша немесе негізінен ең аз жалақы төленетін (қалада 30-40 мың, ал ауылдарда 10-20 мың теңге) жұмыстар екендігін ескерсек, бұдан аз қамтылған отбасылардың жағдайы жақсара қояды деу қиын.

Сананы тұрмыс билейді десек…

Көріп отырғанымыздай, әлеуметтік көмектің мөлшері нақты жағдайға сәйкес келмейді. Бұл өз кезегінде адамдардың сатып алу қабілеті төмен болуы және мұқтаждықтарын барынша шектеуі салдарынан денсаулық жағдайына, тұрмыс салтына, бала тәрбиесіне зардабын тигізері сөзсіз. Мұны еліміздегі ең аз қамтылған отбасылар мен неғұрлым ауқатты отбасылардың азық-түлікке жұмсайтын шығындары арасындағы айырмашылықтың өзі-ақ көрсетіп тұр; ол 4-5 есені құрайды (ресми деректер). Екі қолға бір күрек таппай сенделген жұмысқа қабілетті адамдардың басым көпшілігі маскүнемдікке, нашақорлыққа салыну үрдісі де осыдан бастау алады.

«Өлім байдың малын шашады, жоқтың артын ашады»

Биылғы тамыз айындағы ұлттық валютаның құнсыздануымен күшейе түскен экономикалық дағдарыс ел тұрғындарының тұрмысына ауыр соққы болып тию қаупі бар. Ең бастысы — әлеуметтік теңсіздіктің барған сайын ұлғаюы, байлар мен кедейлер тұрмысының мүлдем алшақтығы және басқа да әлеуметтің ара-жігін ашатын құбылыстар өршіп келеді.

Күнкөріс шегі - күн көруге жете ме?

Тұтыну себетінің көлемі бойынша Қазақстан 2014 жылы 43 елдің ішінде 19-орында болды (Wageindicator қорының мәліметі). Айталық, Бельгияда ең төменгі өмір сүру құны 930 евро, ай сайынғы ең төменгі жалақы 1502 €. Ұлыбританияда, тиісінше 701 және 1306 €. Қазақстан бұл тізімде 19-орында тұр және мұнда өмір сүрудің төменгі шегі — 56700 теңге, ал ең аз айлық жалақы 21500 теңге деп көрсетілген. Демек, орташа қазақстандық тұрғын өмір сүруі үшін айына шамамен 50-60 мың теңге табыс табуы тиіс. Алайда ең аз жалақы мөлшері (21 364 теңге) мәліметте көрсетілген ең төменгі өмір сүру құнынан 2,5 еседей кем. Ең аз жалақы мөлшерінің өмір сүруді қамтамасыз етуге қабілетсіздігін қалай түсіндіруге болатынын министрлік қызметкерлері ғана білетін сияқты (күнкөріс шегінің тым төмендетілуі елдегі кедейлер санын азайтып көрсетуге әсер етуі бек мүмкін).

Еліміздегі тұтыну себеті құрамының 60%-ы (немесе 12 800 теңге) азық-түлік: ұн, нан өнімдері, күріш, қарақұмық, жарма, көкөністер, ет, жеміс-жидек түрлері, сүт өнімдерін (барлығы — 43 атау) сатып алуға жұмсалуы тиіс, қалғаны өзге төлемдер. Өзге төлемдер демекші, Қазақ Тұтыну одағы сарапшыларының мәліметтері бойынша, коммуналдық қызметтердің орташа құны қыстыгүні ең аз жалақының 47%-ын (10 мың теңге) құрайды және үздіксіз көтеріліп отырады. Ал жалақының азық-түлікке жұмсалатын бөлігіне келсек, тек ең басты тағам түрлерінің өзі орташа есеппен жыл сайын 13-14%-ға қымбаттап отырады. Киім-кешекті уақтылы жаңартып отыру қажеттілігі тағы бар. Ал осы азық-түліктің 50%-ы шетелдікі екенін ескерсек, онда қазіргідей доллар құнының өсуіне байланысты бүкіл импорттық тауардың бағасы көтеріліп кеткен кезде 12800 теңге бір ай бойы тамақтану тұрмақ, бір аптаға жетер-жетпесі беймәлім. Халықты отандық азық-түлікпен қамти алмаудың салдары осындай.

Адрестік көмек  —  ең зәру адамдарға

Осы мақсатта адрестік көмек шартты және шартсыз ақшалай жәрдем деген екі түрге бөлінетін болады. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшесі жоқ (мысалы, мүгедектер отбасы, қарт зейнеткерлер) отбасыларға және мүшелері нақты себептермен жұмысқа тарту шараларына қатыса алмайтын отбасыларға (мектепке дейінгі бала тәрбиелеп отырған жалғызілікті ана) беріледі. Мұндай отбасылардан жәрдемақы алу үшін міндетті жұмысқа тарту шараларына қатысу талап етілмейді.

Ал шартты ақшалай көмек құрамында аз дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға, әлеуметтік келісімшартқа отыру және еңбекке қабілетті адамдардың бәрі жұмысқа тарту шараларына қатысқан жағдайда ғана беріледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/965555-qazaqstanda-465-mynhgha-zhuyq-adam-kedeyshil.html