RU

Алматыда кондуктор жол ақысын толық төлемеген жолаушының ит терісін басына қаптады

Алматыда жолаушыны балағаттаған кондукторға қатысты шара қолданылады. Бұл туралы қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Дәурен Әлімбеков хабарлады.

Келеңсіз оқиға Талғар ауданынан қалаға қатынайтын №54 автобусында орын алған.

Бейнежазбада көрсетілгендей, студент бойжеткен «Оңай» терминалы сынып қалғандықтан, кондукторға 40 теңге ұсынған. Өз кезегінде автобус кондукторы бұған ашуланып, толық 50 теңге төлеуін талап еткен. Бұған қарсы болған бойжеткенді егде жастағы әйел кондуктор сыбай жөнеледі.

«Онымен қоймай мені автобустан шығаруға тырысты. Ең соңында «баран, шакал» деп балағаттады», - деп жазған бойжеткен Инстаграмдағы instavideo_kaz аккаунтындағы жазбасында.

Бейнежазба құзырлы органдардың қолына түскен соң, әкімдік қажетті шараларды қабылдады.

«Біз аталған бейнежазбаны жан-жақты қарадық. №54 маршрут автобусы «Тұлпар ЦДС» ЖШС-ына қарасты екен. Біз оларға хат жаздық. Енді кәсіпорын тиісті шара қабылдайтын болады. Егер мұндай оқиға қайталанса, тасымалдаушымен келісімді бұзатын боламыз», - деді Әлімбеков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/965929-almatyda-konduktor-zhol-aqysyn-tolyq-t.html