RU

Сапарбаев "Ақтөбенің" сапындағы легионерлер санын күрт азайту керектігін кесіп айтты

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» футбол клубына қатысты сұраққа жауап берді.

"Менің ойымша, футболды дамытқан кезде біріншіден өзіміздің жастарды тәрбиелеуіміз керек. Қазір футбол командаларына қарайтын болсақ, оның құрамындағылардың көбісі легионерлер. Мен өзім футбол жанкүйерімін және футболдың қадірін білемін. Мәселе басқада болып тұр. Жергілікті футболшылардан жалғыз Юрий Логвиненко ғана ойнап жүр. Сондай-ақ қосалқы құрамда тағы екеуі бар. Сондықтан біз команда басшылығына негізінен өзіміздің жергілікті футболшылар болуы керек деген талап қойып отырмыз. Әрине, легионерлер де болуы керек, бірақ олардың үлесі көп болмауы қажет. Кейбір баспасөзде Сапарбаев келгеннен кейін Ақтөбеде футбол жабылады деп жазылып жүр. Футбол жабылмайды. Бұл спорт түрін халық жақсы көреді. Сондықтан олдамиды және оны ары қарай қолдаймыз, – деді  Сапарбаев.

Айта кетейік, Бердібек Мәшбекұлы осының алдында Ақтөбеде жергілікті жастармен кездесу өткізген болатын. Сол жерде осы мәселе көтерілген еді.

"Команда жабылмайды, қаржыландыруды тоқтатпаймыз, бірі ғана шарт – клубқа жергілікті футболшылар мен бапкерлер тартылуы тиіс. Футболшылардың жүрегінде еліне, жеріне деген сүйіспеншілік болуы тиіс, футболшы өз жерімізде туып-өскен ұлтжанды азамат болуы керек. Осы айтылғандар футболшының бойынан табылмаса, онда оның ойлағаны тек ақша болмақ.  Мен легионерлердің сырын жақсы білемін. Келісімшарт жасасқан уақытта жақсы көрінуге тырысады. Алғашқы 5 матчта тәп-тәуір ойнап жүреді. Кейіннен бәрі белгілі бола бастайды. Бірде денсаулығы сыр береді, болмаса тағы бір сылтау табады. Сөйтіп үй мен жұмыстың арасын жол қылумен уақыттарын өткізеді. Олардың несі кетеді: келісімшарт жасалды, ай сайын 30-60 мың доллар қалтада, енді басты қатырып не керек?!", - деді әкім.

"Біз балалар, жасөспірімдер және жастар футболын көтеруіміз керек. Сол кезде резерв болады. Бізге жетпей жатқан да – осы. «Қайрат» клубының құрылтайшысы Қайрат Боранбаев футбол академиясын ашты. Ал қазір «Қайратта» кімдердің ойнайтынын қараңыздар немесе Шымкентті мысалға алайық. Ол жақта да академия ашылды. Балаларды жинап, жұмысты бастап кетті. Қазіргі кезде испаниялық бапкерлер жаттықтырып жатыр. Ақтөбеде де осындай істі қолға алуымыз қажет. Әрине, академиямыз бар. Бірақ ол тек қағаз жүзінде ғана. Біз сапалы мектеп-интернаттар ашып, оған спорттың әр түрінен жас та дарынды балаларды тартуымыз керек. Міне, сонда ғана жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Ал «Ақтөбе» клубына келер болсақ, мен өз шартымды айттым", – деген болатын облыс әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/967299-saparbaev-aqtobeninh-sapyndaghy-legio.html