RU

Дариға Назарбаева: Біз – Еуропа мен Азияның арасындағы еуразиялық әйелдерміз

Біз – Еуропа мен Азияның арасындағы еуразиялық әйелдерміз. Астанада өтіп жатқан IV еуразиялық әйелдер саммиті барысында премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева осылай деп мәлім етті.

«Елімізде әйелдердің әлеуметтік мәртебесі тұрақты. Тарихқа көз жүгіртсек, дәстүрімізге сай қоғамымыздың әйелдерге деген көзқарасы мүлде өзгеше болған еді, бізді өзге шығыс өркениеттерімен салыстыруға болмайды. Біз шын мәнінде Еуропа мен Азияның екі ортасындағы еуразиялық әйелдерміз. Мұның бізге еш кедергісі жоқ, қайта шығыс пен еуропалық дәстүрдің ең үздігін таңдауға мол мүмкіндігіміз бар. Бұл біздің артықшылығымыз, зор қуатымыз», - деді Назарбаева.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада IV Еуразиялық Әйелдер саммиті өз жұмысын бастады. Қазақстанның Іскер әйелдері қауымдастығының 20 жылдық мерейтойына арналған саммит жұмысына 500-ден аса нәзік жанды қатысуда. Олардың 400-ден астамы еліміздің әр өңірінен келіп отыр.

Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы – елдің тұңғыш әйелдер ұйымы. Бүгінде Қауымдастық 15 мың әйелдің басын біріктіріп отыр. 20 жыл ішінде Қауымдастық жүздеген әлеуметтік-маңызды жобаларды жүзеге асырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/967908-darigha-nazarbaeva-biz-europa-men-az.html