RU

Маман Қапшағай маңында салынуы тиіс әуежайға бөлінген $8 миллиардқа 50 әуежай салуға болатынын айтты

Қапшағай маңында салынуы тиіс жаңа әуежайдың құрылысы басталмай жатып даудан басы арылмай тұр. Күні кеше ғана Алматы облысы әкімінің орынбасары 20 жыл жыр болған жобаның жалпы құнын атаған болатын.

Серік Тұрдалиевтің айтуынша, 8 млрд долларға халықаралық әуежай, демалыс орындары мен қонақ үйлер салынбақ деп хабарлайды КТК арнасы.

Алайда әуе тасымалдаушылары қауымдастығының төрағасы 8 миллиард долларға 50 әуежай салуға болатынын айтты. Қапшағай қаласы маңынан әуежай салуды қолға алған Владимир Куропатенко құрылысқа 138 млн доллар да жеткілікті деп отыр. Тіпті құжаттарын әзірлеп, қажетті жер телімін де белгілеп қойған.

Қазір инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Егер бәрі ойдағыдай шешілсе құрылыс жұмыстары жақында басталады дейді Куропатенко. Бірақ ол жобадан шеттету үшін шенеуніктер тарапынан қысым жасалып жатқанын да жасырмады.

"Мені салық органдары тексеріп, сотқа сүйрей бастады. Бірақ кері шегінбеймін. Егер ақша бөлінсе ұшып-қону алаңы 7 айда дайын болады. Ал әуежай құрылысы мен қондырғыларды орнатуға қосымша тағы 5 ай уақыт қажет. Сондықтан ары кетсе бір жарым жылда жаңа әуежай пайдалануға беріледі. Ал сегіз миллиард доллар тым көп. Мәселен Франкфурт, Сингапур әуежайларының құны 1 миллиард доллардан аспайды", - дейді Қазақстан әуе тасымалдаушылары қауымдастығының төрағасы Владимир Куропатенко.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/968711-maman-qapshaghay-manhynda-salynuy-tiis.html